Аптадағы маңызды жаңалықтар

Омбыда Қазақстан мен Ресейдің XVІ өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді

Қарашаның 6-сы мен 7-сі күндері Омбы қаласында Ресей мен Қазақстанның XVI өңіраралық ынтымақтастық форумы өтеді. Екі елдің Президенттері жүздесетін алқалы жиында “Трансшекаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері” тақырыбы талқыланады. Тағы, көрме қанат жаяды. Онда жұртшылық назарына жергілікті өндіріс ошақтарының тауарлары да ұсынылмақ.

Қазақстан мен Ресейдің өңіраралық ынтымақтастық форумы алғаш рет Омбы қаласында өтті. Алқалы жиынның ұйымдастырылғанына тура 16 жыл болыпты. Биыл қос тарап үшін тарихи оқиға орын алмақ. Себебі, екі елдің өкілдері дәл осы шаһарда екінші мәрте жүздескелі отыр. Ал былтыр көршілес мемлекеттердің басшылары Петропавлда кездескені мәлім. Осы шарадан соң өңірімізде оң өзгерістер орын алды.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Осындай жиын жылда өтеді, Былтыр біздің қаламызда туризм саласын дамыту тақырыбында өткен болатын. Форум нәтижесін өздеріңіз көріп отырсыздар. Биыл Шалқар-Имантау курорттық аймағында туристердің саны 20 пайызға артты.

Шыныменде былтыр жүздеген келісімге қол қойылып, біраз шаруа тындырылды. Биыл да дәл солай болмақ. Қос тарап Омбы қаласында «Трансшекаралық ынтымақтастықты дамытудың өзекті мәселелері» тақырыбында жиын өткізбек ниетте. Мұнда әріптестік әлеуетін одан әрі арттыруға мүмкіндік туады.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Арнайы экономикалық аймақтың құрылуына байланысты осы форумда РФ-ның кәсіпкерлерін бізде жаңа зауыт ашуға шақыратын боламыз. Алдағы жиын осындай мүмкіндік береді деген ойдамыз.

Өңіраралық ынтымақтастық форум аясында ұйымдастырылатын көрмеде Солтүстік Қазақстанның жұртшылыққа көрсетері көп болмақ. Оны ресейліктер жақсы біледі. Сол себепті олар бізді және біздің тауарды асыға күтеді. Айтулы шараға өңіріміздегі 2 бірдей кәсіпорынның өнімдері апарылмақшы. Солардың бірі – Киров атындағы зауыт. Бұл өндіріс ошағы алыс-жақын шетелдерге танымал баспа платаларын шығаратыны белгілі.

Дәурен Жандарбек – СҚО әкімінің орынбасары:

– Инновациялық технологиялар көрмесіне “Bio operation” заманауи кәсіпорнының тауарлары да көрсетіледі. Бұл кәсіпорынның тауарлары көпшілікке танымал.

Айта кеткен жөн, Қазақстан мен Ресейдің 16-шы өңіраралық ынтымақтастық форумы қазанның 6-сы және 7-сі күндеріне жоспарланған.

Ешкенова Дана