Спорт

Көркем гимнастшылар сынға түсті

Жылдамдық, ептілік және біркелкелік сыналды! Облыс орталығында көркем гимнастикадан «Олимпке апарар жол» атты ашық турнир өтті. Оған еліміздің түпкір-түпкірінен жиылған 400-ге тарта оқушы қатысты. Спортшы қыздардың сайысын әріптесім Бердімұрат Баймұқан тамашалап қайтқан болатын.

Алғаш болып 5 пен 8 жас аралығындағы гимнастшы қыздар марапатталды. Олар жеке және топпен өнер көрсеткен екен. Топтық бәсекеде Павлодар қаласының спортшылары үздік атанды. Ал 2-ші орын петропавлдық «Олимп» құрамасының жеткіншектеріне бұйырды.

Аделия Мукан – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Жарыста қатты қобалжыдық. Бірақ, соның өзінде командамен күшімізді біріктіріп, жақсы өнер көрсете алдық. Қазылар алқасы бізді 2-ші орынға лайықты деп таныды. Алған жүлдемізге қуаныштымыз. Өзіме көркем гимнастика қатты ұнайды.

Кейін көпшілік алдына орта және жоғары сыныптың оқушылары шықты. Қыздар доппен, секіргішпен өнер көрсетуде. Шапщаңдығына көз ілеспейтін споршылардың арасында Айша Аманжол да бар. Ол Петропавлға сонау Атырау қаласынан келіпті. Оның жасы – 14-те. Жеткіншек бұған дейін де түрлі жарыстарда бақ сынап, топ жарған екен.

Айша Аманжол – турнирге қатысушы, Атырау қаласы:

– Мен кішкентай кезімнен бері биге, балетке бардым. Кейін 7 жасымда теледидардан осы спорт түрін көріп, гимнастикаға қызыға бастадым.

Жалпы, оқушылар арасында көркем гимнастикадан ашық турнир Петропавлда алғаш рет өткізіліп жатыр. Жарыста еліміздің 7 бірдей қаласынан келген 400-ге тарта спортшы бақ сынады. Бүгін – жарыстың соңғы күні. Бәсеке соңында жеңімпаздар анықталып, медаль, диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

 

Бердимурат Баймухан