Қайырымдылық

«Балаларға қуаныш сыйла» қайырымдылық акциясы өтті

Қолдан келсе, көмек бер! Бүгін Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университетінде «Балаларға қуаныш сыйла» атты қайырымдылық акциясы өтті. Шарапаты мол шарада білім ордасының студенттері жиналғандарға тәтті-дәмділер мен қолөнер бұйымдарын сатты. Алдағы уақытта саудадан түскен қаржы қаламыздағы «Есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық түзету мектеп-интернатына» аударылмақ.

Мың бұралған бишілер мен жезтаңдай әншілер. Университеттің талантты жастары жиналғандардың көңілін көтеріп жатыр. Мұндай қайырымдылық акциясы білім ордасында жылда өтеді екен. Биылғы шараны әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану факультетінің студенттері ұйымдастырыпты.

Амангелді Иманов – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ әлеуметтік педагогика және өзін-өзі тану факультетінің деканы:

– Біздің басты мақсатымыз – студенттерді қайырымдылық баулу. Яғни, кейінгі буын өкілдерін өзге жандарға көмек көрсетуге үйрету. Дәл осындай шараны былтыр да өткізген болатынбыз. Ол кезде қаржы жиып, Мамлютка қаласындағы балалар үйіне көмектестік. Ал бүгінгі шарадан түскен ақшаны шаһардағы «Есту қабілеті нашар балаларға арналған облыстық түзету мектеп-интернатына» аударамыз.

Мына жерде жәрмеңке өтіп жатыр. Мұндағы қыздар тәтті-дәмдінің сан түрін әзірлеп әкеліп, саудаға қойыпты. Жастардың арасында Ұлжан Дәужігіт те бар. Ол 2-ші курста оқиды. Студент қыз үнемі қайырымдылық акцияларына қатысып, қолынан келгенше көмектесіп тұрады екен.

Ұлжан Дәужігіт – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ студенті:

– Бұл қайырымдылық шараны ұйымдастырып жатқанымызға 2-жыл болды. Біздің мақсатымыз – балаларға қуаныш сыйлап, оларға көмектесу.

Сондай-ақ, мұнда студенттердің киялынан туған картиналар мен қолөнер бұйымдары да тізіліп тұр. Дәл осы көздің жауын алатын туындылардың кез-келгенін сатып алуға болады. Ол ақша кейін қайырымдылыққа беріледі. Шарапаты мол шара барысында өнерлі жастар әртүрлі конкурс та ұйымдастырды.

– Қайырымдылық акциясы өте жақсы өтіп жатыр.

 – Осындай қайырымдылық шаралары жылына бір рет емес, әр ай сайын өтіп тұрса деймін. Меніңше мұндай игі істі студентердің барлығы қолдайды.

– Акцияны ұйымдастырып жатқан студенттер мен мұғалімдерге алғысымды айтамын. Бәрі өте керемет.

Жалпы, қайырымдылық акциясына өңіріміздің іргелі білім ордасында оқитын 40-қа жуық студент қатысты.

 

 

Бердимурат Баймухан