Тұлға

Владимир Черемисиновке арналып мемориалдық тақта ашылды

Шаһарда қоғамдық және мемлекеттік қайраткер, меценат және кәсіпкер Владимир Черемисиновке арналып мемориалдық тақта ашылды. Владимир Иванович XX-ғасырдың басында Петропавл қаласын дамыту мен абаттандыруға зор үлес қосқан. Салтанатты шараға 60-қа жуық жерлесіміз қатысты. Тағы Ресейден арнайы / қоғам қайраткерінің туыстары да келген екен.

Мына ғимарат қаланың әр тұрғынына стоматология ретінде таныс. Бірақ, бұл нысанның тарихын бірі білсе, бірі білмес. 19-ғасырдың соңы мен 20-ғасырдың басында мұнда қоғам қайраткері, меценат және кәсіпкер Владимир Черемисинов тұрған екен. Ол кезінде өңірдің өркендеуіне елеулі үлес қосқан.

Асқар Хабибулин – қала әкімінің орынбасары:

– Кез келген қаланың тарихын бірінші кезекте сонда өмір сүретін және жұмыс істейтін адамдар жасайды. Облыс орталығының дамуына зор үлес қосып, өзінен кейін із қалдырған ондаған адамның есімдері белгілі. Солардың бірі – Черемисинов Владимир Иванович. 20-ғасырдың басында ол қаламыздың болашағы үшін тер төгіп, тіпті бір жылдары басшылық та еткен екен. Осындай жанның есімі мәңгілікке есте қалуы тиіс.

1866 жылы Ресейдің Перьм губерниясында туған Владимир Иванович Петропавлға өткен ғасырдың 90-шы жылдары көшіп келген. Сол кезде ол коммерциялық қызметпен айналысыпты. Черемисинов қалада белгілі саудагер болған екен. Қоғамдық өмірге де белсенді ат салысқан көрінеді. Аталарына деген ерекше құрметпен ұрпақтары Петропавл қаласында өз қаржыларына мемориалдық тақтау орнатуды жөн көрген.

Феодосий Черемисинов – Владимир Черемисиновтің ұрпағы:

– Ұлы атамның Қазақстан жерінде өмір сүріп, еңбек еткені жайлы 10 жыл бұрын білдім. Бірақ, ол кезде осында келетін жағдай болмады. Дегенмен, ол туралы көп нәрсе біле бастадым. Петропавл қаласының дамуына біраз үлес қосқаны жайлы да естідім. Кейін атамыздың есімі мәңгілікке сақталсын деген оймен осында мемориалдық тақта ашуды жөн көрдік. Бұл ойымызды қала әкімшілігі құптады.

Владимир Черемисиновке арналған мемориалдық тақтаның ашылу салтанатына қоғам қайраткерлері, ардагерлер мен туысқандары қатысты.

 

Ешкенова Дана