Аптадағы маңызды жаңалықтар

Университеттің статусы өзгерді

“Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті” коммерциялық емес акционерлік қоғамы. Енді теріскейдегі жалғыз жоғарғы оқу орны дәл осылай аталады. Яғни, білім ордасы бұдан былай мемлекеттік емес.

Тарихы тереңде жатқан өңірдегі жалғыз жоғарғы оқу орны. Бұған дейін мемлекеттік деген статуста болды. Енді университет Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналып отыр.

Лариса Кудрицкая – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ заңгерлік бөлімінің жетекшісі:

– Қазанның 11-і күні ел Үкіметі бірқатар жоғарғы оқу орнын қайта құру жөнінде қаулы қабылдады. Осы шешімге сәйкес университетіміз Манаш Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан университеті” коммерциялық емес акционерлік қоғамына айналды. Бірақ, білім ордасының жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысады. Яғни, оқу орнының жұмысын бұрынғыдай қадағалап отыратын болады.

Қадағалау – бір бөлек шаруа. Университеттің статусы ауысқасын, ішкі жұмыстарында да өзгеріс болады.

Лариса Кудрицкая – “М.Қозыбаев атындағы СҚУ” КЕ АҚ заңгерлік бөлімінің жетекшісі:

– Қайта құру университеттің дамуына тікелей әсер етеді. Енді барлық мәселені директорлар кеңесі шешпек. Олар студенттерге қажетті оқу бағдарламаларын өздігімен таңдай алады, қоғамға керекті мамандарды даярлауға кіріседі. Тіпті, кадрлық құрамды өздері жасақтайды. Мұның барлығы істі алға бастырады.

Бұл өзгеріс заман талабы сыңайлы. Бүгінде Еуропадағы оқу орындарының дені коммерциялық емес акционерлік қоғам екен. Ал еліміздегі Назарбаев, С. Сейфуллин атындағы қазақ агротехникалық университеттері де дәл солай. Оның үстіне бұл тізімді 11-ші қазанда Қазақстандағы 20-дан аса университет толықтырды.

Байболат Бектемірұлы – тілші:

– Біздің білім ордасының аумағында жүргенімізге жарты сағаттай болып қалды. Бұл уақыт ішінде ақылы негізде оқитын бірнеше студентпен тілдесіп үлгердік. Олардың барлығы университетіміз коммерциялық емес акционерлік қоғамға айналды, енді төлем құны артады ма деп қорқады. Осы орайда біздің ата-аналарға да, жастарға да айтарымыз бар. Әзірге, оқу ақысының өсетіндігі, өспейтіндігі жайлы нақты мәлімет жоқ. Мұның барлығын директорлар кеңесі шешетін болады.

Култанов Байболат