Қоғам

Шаһарда ханшайымдар байқауы өтті

Ақылына көркі сай. Шаһарда сұлулар байқауы өтті. Бұл жолғы шара ерекше форматта ұйымдастырылды. Нәзікжандылар 3 жас айырмашылығы бойынша сынға түсті. Сайысқа қатысушылар таныстыру, шығармашылық нөмір және сән үлгісі көрсетілімі аталымдарында өнерлерін паш етті. Соңында Валерия Азанова, Карина Өмірбаева мен Светлана Колычева жеңіске жетті.

Сұлу да сымбатты, білімді де өнерлі аруды анықтайтын байқауға 3 жас санатында 36 ханшайым қатысуда. Олардың бірінші толқыны 14 пен 17 жас аралығында. Кейінгісі 18 бен 25 жастағылар болса, соңғылары – 26 мен 32 жас аралығындағы нәзікжандылар. Бұл жолы олар 3 номинация бойынша бақ сынамақшы.

Диляра Мендеева – байқауды ұйымдастырушы:

– “Бірінші кезең “Таныстыру” деп аталады. Кейін арулар жұртшылыққа өз өнерлерін паш етеді. Соңында сән үлгісін көрсетеді. Бұл байқауға әрқайсысы бір ай көлемінде дайындалды. Мұндай сайыс шаһарда алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Алғашқылардың бірі болып сахнаға Жанель Жүрсінова шықты. Ол 14 пен 17 жас аралығындағы қыздар арасында бақ сынасуда. Жасөспірім осындай сұлулық байқауына алғаш рет қатысуда. Дегенмен, сахнада өзін сенімді ұстауда. Жанель сұлулық байқауына жақсылап дайындалған көрінеді. Әдемі көйлегінен бастап шығармашылық нөміріне дейін жауапкершілікпен қараған.

Жанель Жүрсінова – байқауға қатысушы:

– Байқаудың өтетіні туралы интернеттен білдім. Кейін бағымды сынап көрейін деп шештім. негізі, барлығы мен ойлағандай өтуде. Сайысқа 1 ай дайындалдым. Шығармашылық нөмірде каратенің әдіс-тәсілдерін көрсеттім. Бұл спорт түрімен 4 жыл айналысамын.

Көздің жауын алатын түрлі түсті көйлек, әсем шаш үлгісі. Бұл жерде ақылдарына көркі сай сұлулар барынша өз өнерлерін көрсетуде. Барлығы да жеңістен үмітті. Бірі ән айтып, би билесе, енді бірі монолог оқып, қойылым қойып, сурет салды.

Жалпы, мұндағы нәзікжандылардың көбі сұлулық байқауына алғаш рет қатысуда. Солардың бірі – Ирина Отрадных. Ол бұндай сайыста бақ сынаймын деп ойламапты. Нәзікжанды дайындықтардың біріне құрбысын қолдауға келген екен. Кейін өзі де қызығып кетіп, қатысып көруді жөн көріпті.

Ирина Отрадных – байқауға қатысушы:

– Сұлулық байқауына қатысып жатқаныма еш өкінбеймін. Осының арқасында шығармашыл жандармен таныстым. Қыздардың барлығымен тез тіл табысып кеттік. Жалпы, дайындықтың өзі қызықты сәттерге толы болды. Өзіме көптеген жаңашылдықтар аштым.

Айта кетейік, байқауға қатысушы қыздардың барлығына да сыйлықтар әзірленген.

Ешкенова Дана