Спорт

«Qulager» хоккейшілері «Ertis» құрамасын тізе бүктірді

Өткен сенбіде «Qulager» хоккейшілері өз алаңында павлодарлық «Ertis» құрамасын қабылдаған болатын. Қарымта кездесуде жерлестеріміз қонақтарды 5:0 есебімен ойсырата жеңді. Бұл – олардың соңғы 7 ұтылысынан кейінгі алғашқы жеңісі.

«Qulager» хоккейшілері «Ertis»-пен өткізген алғашқы ойында қонақтарға есе жіберіп алған еді. Павлодарлықтар жерлестеріміздің қақпасына 5 шайба дарытса, теріскейлік хоккейшілер тек 2 голмен ғана шектелген болатын.

Ал бүгінгі кездесу мүлдем басқаша. Бұл ойында «Qulager» ширақ көрінеді. Олар соңғы 7 жеңілістен кейін күш жинаған сияқты. Төреші шайбаны тастаған бетте теріскейліктер бірден шабуылға көшті. Осы қарқынмен жерлестеріміз ойынның 57-ші секундында есеп ашты. Голдың авторы – Денис Стасюк.

Кейін дәл осы периодта «Qulager» хоккейшілері қарсыластарының қақпасына тағы 2 шайба дарыта білді. Есеп 3:0.

– Бәріміз де қуанып жатырмыз. Осылай ойнай берсе бүгін жеңеміз. Осыдан кейін ешқандай ұтылу болмасын деп тілеймін.


– Сайыстан алған әсерім өте ерекше. Хоккейге алғаш рет келіп отырмын. Кездесу ұнап жатыр. Енді бүгіннен кейін «Qulager» командасына жанкүйер болып, ойынын өткізбей қараймын.

Сайыстың 2-ші кезеңі де теріскейліктердің пайдасына шешілді. Мұнда «Qulager» командасының шабуылшысы Станислав Логинов дубль жасады. Ол екінші периодтың 11-ші және 12-ші минутында қарсыластардың қақпасына 2 шайбаны дәл бағыттай білді. Есеп 5:0.

Бұл ойында қақпашы Дмитрий Хозяшевті де бөлек атап өткен жөн. Ол қарсыластардың 33 мәрте жасаған қауіпті шайбалары мен шабуылын асқан шеберлікпен тойтара білді. Қарымта кездесудің 3-ші кезеңінде еш өзгеріс болмады. Қарсылас команда бұл ойында теріскейліктердің қақпасынан еш саңылау таба алған жоқ. Жерлес жанкүйерлер де мұндай ойынға дән риза.

Дмитрий Хозяшев – «Qulager» ХК қақпашысы:

– Барлық сәтсіздікдер осыменен аяқталды деп ойлаймыз. Біз бүгін мұз айдынына тек жеңу үшін шықтық. Жанкүйерлерге көп рақмет. Бәрі келіп қолдап жатыр.

Осылайша құлагерліктер бүгін абыройлы жеңіспен турнирлік кестенің 8-ші орнына табан тіреді.

 

 

Бердимурат Баймухан