Қоғам

Петропавлдықтар “Географиялық диктант – 2019” акциясына қатысты

Әлемдегі ең биік тауды белгілеңіз. Челюскин мүйісі қай жерде орналасқан? Бұл сұрақтарға петропавлдықтар “Географиялық диктант” акциясы аясында жауап берді. Халықаралық шараға 30-ға тарта солтүстікқазақстандық қатысты. Тестілеуден соң жерлестеріміздің жұмысы Мәскеудегі Ресей географиялық қоғамына жіберілді.

Бүгін “Географиялық диктант – 2019” акциясына қатысушылар жылдам ойлап, тез шешім қабылдаулары тиіс. Сол себепті, ұйымдастырушылар дастархан жайыпты. Мұнда жиналғандар түрлі тәтті-дәмдімен кофе іше алды. Бұл хош иісті сусынның миды сергітетін қасиеті бар. Осындай аздаған үзілістен соң жерлестеріміз іске кірісті.

Алғашқы сауал қойылды. Қатысушылар саяхатшының нені сипаттағанын белгілеуі қажет. Яғни, 4 жауаптың біреуін таңдаулары міндетті. Мұнда жерлестеріміз шағын мүйісті, каньонды, теңіздің құмды бөлігі немесе өзен сағасын көрсете алады. Тапсырманы түрлі жастағы адамдар орындап жатыр. Олардың мамандықтары да әр түрлі. Мысалы, Дэвид Изюмов қаламыздағы автоклубтардың бірінде әкімгер болып жұмыс істейді. Жас жігіт жағрафияны жатқа білмесем де азды-көпті хабарым бар дейді.

Дэвид Изюмов – акцияға қатысушы:

– Біздің қаламызда “Lada Club Petropavlovsk” атты автоклуб бар. Бүгінгі шараға сол ұйымның атынан қатысып отырмын. Білімділігімді сынауға бірден келістім. Жасыратыны жоқ, мектеп бағдарламасын ұмытыңқырап қалыппын. Бірақ, біраз деректі білемін. Сондықтан, жоғары ұпай жинаймын деп ойлаймын.

Шара барысында солтүстікқазақстандықтарға 30 сұрақ онлайн режимінде қойылды. Оның барлығы географияға қатысты болды. Сауалдарға дөңгелек үстел басына жиылған теріскейліктер 45 минуттың ішінде жауап берді. Айта кетейік, “Географиялық диктант” – халықаралық акция. Ол жыл сайын өтеді. Қатысушылардың санында есеп жоқ.

Олег Кузнецов – «Солтүстік Қазақстан облысының орыс қауымы» ҚБ жетекшісі:

– Акция бір елдің аумағында емес, күллі әлемде өтіп жатыр. Оған Қазақстаннан бөлек, 100-ден аса мемлекеттің өкілдері қатысуда. Біздің Петропавлдың өзінде дәл осындай шара 4 алаңда ұйымдастырылды. Шараның басты мақсаты – адамдардың географиға деген қызығушылықтарын ояту.

Акциядан соң жерлестеріміздің жауап парақтары Мәскеудегі Ресей географиялық қоғамына жіберіледі. Сол жердегі мамандар қатысушылардың жұмыстарын тексеріп, қорытынды шығарады.

 

Култанов Байболат