Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тұрғындардан мекенжай анықтамасы талап етілмейтін болады

Қараша айының 1-інен бастап тұрғындардан мекенжай анықтамасы талап етілмейтін болады. Яғни ешқандай мемлекеттік орган, мектеп немесе медициналық мекеме азаматтардан мекенжай анықтамасын сұрата алмайды. Қажет болған жағдайда халық тіркеуде тұрған мекенжайларын «e.gov.kz» электронды үкімет порталы немесе «eGov mobile» қосымшасындағы жеке кабинеті арқылы тексере алады.

Жыл басынан бері теріскейліктерге 62 мыңға жуық мекенжай анықтамасы беріліпті. Алдағы уақытта жерлестерімізге дәл осы бір жапырақ құжаттың қажеттілігі туындамайды. Яғни, ол үшін халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып, ұзын-сонар кезекте тұру керек емес.

Серік Бейсенов – “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы” КЕ АҚ СҚО бойынша филиалы директорының орынбасары:

– Енді мемлекеттік органдар, мектептер мен медициналық мекемелердің ешқайсысы азаматтардан мекенжай анықтамасын сұратпайды. Бұл құжат мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталынады. Сонымен қатар, «Азаматтарға арналған үкіметтің» филиалдарынан да, электронды үкімет порталынан да алынады. Сол себепті, мемлекеттік органдар, мектептер мен медициналық мекемелер анықтаманы ІІМ-нің деректер базасынан алатын болады.

Ал басқа да ұйымдар, мекемелер және жеке компаниялар не істейді? Олар анықтаманы алу үшін электронды үкімет порталына тіркелуі тиіс. Міне, сол жерде арнайы сервисті пайдаланып, құжатқа қол жеткізуге болады. Мұның барлығы SMS-хабарламамен жолданған код арқылы жүзеге асады. Қазіргі таңда жаңашылдық жайлы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мамандары халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Өткен жылы елімізде 10 млн-нан астам мекенжай анықтамасы беріліпті. Осы құжатты алу үшін адамдардың барлығы Халыққа қызмет көрсету орталықтарына барды. Нәтижесінде уақыттарын шығындады. Енді олай болмайды. Мекенжай анықтамасы мемлекеттік қызметтер реестрінен алынып тасталды.

Осы орайда жаңашылдыққа тоқтала кетейік. Жақында «eGov mobile» қосымшасы іске қосылды. Оған кез келген адам қосылып, өзінің тіркеуде тұрған жерін көре алады. Тағы дәрігердің қарауына жазылуға, айыппұлдарды төлеуге болады екен.

 

Бердимурат Баймухан