Мәдениет

Суретші Василий Манзяның 85 жылдығына арналған көрме

Қыркүйек, қазан мен қараша айларының 50-ден астам көрінісі. Василий МанзЯның 85 жылдығына орай облыстық кітапхана қабырғасында еске алу кеші өтті. “Суретшінің алтын күзі” деп аталған шараға жерлесіміздің шәкірттері, үзеңгілестері мен ізбасарлары қатысты. Көрмеге өнер адамының ондаған картинасы қойылды.

Василий Манзя күз мезгілін ерекше жақсы көрген екен. Туған күні қазан айында болғандықтан емес, әрине. Табиғаттың көз тартар сұлулығынан. Осы уақытта сары шапан жамылатын аққайыңдар өлкесі оны қолына қағаз алып, көріністі суретке түсіруге шабыттандырған. Жыл сайын қылқалам шебері құрал-саймандарын алып, орманға аттанады екен. Бірнеше сағаттық жұмысының нәтижесі – міне.

Көрмеге күзгі пейзаждың 50-ден астамы ілінген. Шараға келушілер әрбір картинаны толғаныспен қарап жатыр. Марат Қожахметов суреттерді алғаш рет оқушы кезінде, 70-80-ші жылдары көріпті. Табиғат көрінісін Василий Манзя апта сайын сол кездегі «Ленин туы» газетіне жариялап тұрған. Мерзімді баспасөздің әрбір санын тағатсыздана күтетін едік дейді оның шәкірті. Бүгінде Марат Қожахметов – жергілікті суретшілер одағының төрағасы. Кім біледі, Василий Петровичтің сабақтары мен оның тәлімгерлігі болмаса, мүмкін қылқалам шебері өнер саласына ден қойпас па еді.

Марат Қожахметов – ҚР Суретшілер одағы СҚОФ төрағасы:

– Біз мектепке келгенде өнермен таныс емеспіз. Графика, живопись сабақтарынан берді. Үйретті. Балалармен баладай болып, ойнап, көрсететін. Ол кісі сыныпқа кіргенде қысылмайтынбыз. Қарапайым кісі болатын.

Өз ісінің хас шебері, адамгершілі мол, әрдайым көмек қолын созатын жолдас. Василий Петровичті шәкірттері мен әріптестері осылайша сипаттауда. Өңірдегі көркемсурет мектебінің ашылуының басы-қасында болған да осы жан. Қылқалам шеберінің қолдауымен талай дарын өнерге бет бұрған.

Анатолий Тюрин – суретші:

– Мен көркемөнер мектебіне келгенде Василий Петровичпен таныстым. Одан көп нәрсе үйрендім. Үнемі бастамаларыма қолдау танытып, ақыл-кеңесін аямайтын. Василий Манзямен бір уақытта жұмыс істеп, жақын араласқаныма өте қуаныштымын. Ол нағыз шебер болатын.

Ерекше техника, ерекше стиль, ерекше көзқарас. Суретшінің туындылары кез келген жастағы адамның көңілінен шығатыны сөзсіз. Автор үлкенмен де, кішімен де өзінің картиналары арқылы тілдесе білген.

– Мен Василий Манзяның жерлесі екеніме мақтанамын. Оның өмір жолымен біз өнер колледжінің қабырғасында таныстық. Ал, бүгін суретшінің туындыларын тамашаладық. Ерекше қылқалам шебері болғаны бірден байқалып тұр.

– Суретшінің картиналарына қарап, оның өмірге деген көзқарасының қалай дамығанын көруге болады. Қылқалам шебері ретінде қалай өскенін де байқай аламыз. Қиын техникада жұмыс істепті. Болашақта мен де осы стильді игергім келеді.

Василий Манзяның өмірден озғанына 2 жылдай уақыт болыпты. Алайда, шығармашыл тұлғаның артынан қалған мұрасы мәңгі жасамақ.

Эльмира Садвокасова