Қоғам

“Менің туым – менің Отаным” акциясы бастау алды

Шаһарда “Менің туым – менің Отаным” акциясы бастау алды. Қаладағы ең ірі ойын-сауық орталығында «Nur Otan» партиясының өкілдері мен жастар көк туды желбіретті. Патриоттық акцияның негізгі мақсаты – мемлекеттік туды тұрақты түрде қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында ілу болып табылады.

Мемлекеттік Туды қастерлеп, қадір тұту – әр қазақстандықтың парызы. Ол мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын білдіретін басты рәміздердің бірі болып табылады. Ондағы көк түс адам бойындағы адалдық, тазалық, сенімділік сияқты қасиеттерді айшықтайды. Ал ортасында орналасқан күн тыныштық пен байлықты білдіреді. Тағы көк туымызда дала бүркіті бейнеленген. Ол арқылы қазақ халқының жомарттығы мен қырағылығын, пейілінің кеңдігін көруге болады. Сол себепті, осындай патриоттық акцияның басты мақсаты – мемлекеттік тудың маңызын насихаттап, жастарды отансүйгіштікке баулу.

Абылайхан Қайроллаев – «Jas Otan» ЖҚ СҚОФ төрағасы:

– Бұл шара Алматы қаласында бастау алған болатын. Енді Қазақстаннның барлық қалаларында өтуде. Акцияны барлығы қолдап жатыр.

Жалпы, “Менің туым – менің Отаным” акциясы арқасында көк байрағымызды қоғамдық орындарда, туристік нысандарда, сауда және ойын-сауық орталықтарында іле аламыз. Бұл шараны алғаш болып қолдағандардың бірі – жуырда ғана ашылған “Dostyk Mall” ойын-сауық орталығы. Бүгін мұнда халық көптеп жиылды. Әсіресе, жастар. Олар осындай патриоттық акцияның бастау алғанына оң бағаларын беруде.

– Әрине, осындай ақцияны қолдаймын. Бұл рәміздерімізді қастерлеп, қадірлеуге одан әрі насихаттайды.

– Бұл акцияны қолдаймын. Себебі, шынымен де жүрегімізге патриоттық сезім ұялатады. Туымыз осылай әр нысанда желбіреп тұрса жақсы ғой.

Айта кетейік, ел аумағында қазан айының ортасында бастау алған бұл іс-шара келер жылдың маусым айына дейін жалғаспақ.

 

 

Ешкенова Дана