Спорт

Өңірде жекпе-жектен облыстық турнир өтті

Нағыз мықтылардың сайысы. Бүгін Жастар сарайында жекпе-жектен облыстық турнир өткізілді. Жарысқа өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 30-дан аса адам қатысты. Олар 10 салмақ дәрежесі бойынша өзара сынға түсті.

Бұл – нағыз ер жігіттердің бәсекесі. Мұнда жекпе-жектің әдіс-тәсілдерін жақсы меңгерген, мықтылар ғана жеңіс тұғырынан көріне алады.

Ортада – Шал ақын ауданының өкілі Асылхан Әскеров. Оның қарсыласы – петропавлдық Валентин Мулдагалиев. Қос спортшы 61 келі салмақ дәрежесінде жұдырықтасып жатыр. Бастапқыда жігіттер бірін-бірі аңдып, аса белсенділік таныта қойған жоқ. Десе де, көп кешікпей Асылхан оңтайлы сәтті тауып, қарсыласын соққының астына алды. Осылайша жеңіске жетті.

Асылхан Әскеров – турнирге қатысушы, Шал ақын ауданы:

– Өзім жекпе-жекпен 2007-ші жылдан бері айналысып келемін. Біраз жетістіктерге жеттім.

Кейін бозкілемде 63 келі салмақ дәрежесіндегі спортшылар күш сынасты. Сергей Вирт ортаға шыға салсымен әдіс-айласын асырып, қарсыласына тоқтаусыз соққыға алды. Осылайша, көп уақыт өтпей-ақ, спортшы жігіт бәсекелесін тізе бүктіріп, жеңісті қанжығасына байлады.

Сергей Вирт – турнирге қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мен кеше жарысқа қатысу үшін тынбай жаттығып, 1 жарым сағаттың ішінде 3 келі салмақ тастадым. Бүгінгі қарсыласым осал емес екен. Оны жеңу маған оңайға соққан жоқ. Бірақ, тактиканы ұтымды қолданудың арқасында жеңіске жеттім.

Спорттың бұл түрі бойынша турнир өңірде жылда өткізіледі. Оған жасы 18-ден асқан жігіттер қатысады. Ұйымдастырушылардың сөзінше, жекпе-жек спорты облысымызда қарқынды дамып келеді екен.

Арман Тайбупенов – турнирдің бас төрешісі:

– Жекпе-жек 4 минутқа жалғасады. Қарсыластар 2 раунд бойы жұдырықтасады. Спортшылардың тыңғылықты дайындалып келгені көрініп тұр. Сайыстың жалпы деңгейі өткен жылғыға қарағанда біршама жоғары.

Айта кетейік, облыстық біріншілікке өңіріміздің түкпір-түкпірінен келген 30-дан астам жігіт қатысты.

 

 

 

Маржан Касымбек