Қоғам

Бірыңғай сынып сағаты өтті

«Отбасы – тәрбие басы, мектеп – тәрбие жаршысы». Бүгін барша Қазақстанның білім ошақтарында бірыңғай сынып сағаты ұйымдастырылды. Шара әр жерде ерекше форматта өтті. №26 орта мектебінің ұжымы балалар үшін диалог алаңын ұйымдастырып, бастауыштың оқушыларына ойындар ойнатты.

Отан отбасыдан басталады. Сынып сағаты да осы тақырыпқа арналған. Шара барысында адамның өміріндегі ең жақын жандары – жанұясы туралы әңгіме қозғалуда. Оқушылар арнайы бейнеролик те әзірлепті. Видеоға балалар ата-ана, бауырларымен түскен суреттерін қосқан. Әрбіреуінде ұл-қыздар өздерінің отбасыларына махаббаттарын жеткізуде. Ал, әлем чемпионаттарының жүлдегері Аяжан Өтеғұлова болса, спорттағы жанұясы туралы әңгіме қозғауда. Осыдан 10 жыл бұрын нәзікжанды кекушинкай каратэмен айналыса бастапты. Ал, 2014-тен бері өзі де шәкірт тәрбиелеп келеді.

Аяжан Өтеғұлова – кекушинкай каратэден спорт шеберлігіне үміткер:

–  Біздің мақсатымыз – тек мықты спортшыларды ғана дайындау емес, ең бастысы жақсы, тәрбиелі балаларды тәрбиелеу. Тек телефонға үңілмей, спортпен де айналыссын деп оларды тартамыз.

26-шы мектеп оқушылары спортшы нәзікжандыны жақсы біледі. Себебі, дәл осы білім ошағының 50-ге жуық баласы Аяжаннан тәлім алады. Меңгергендерін олар бүгін өз аға-әпкелеріне көрсетуде.

Бірыңғай сынып сағаты бүгін еліміздің түкпір-түкпірінде ұйымдастырылды.

– Маған бүгінгі шара ұнады. Сынып сағатына арнайы бейнеролик әзірледім. Онда бос уақытымызды отбасымызбен бірге қалай өткізетінімізді көрсеттім. Біз әдетте киноға барып, табиғат аясында серуен құрамыз.

– Сынып сағаты шынымен де ерекше болды. Аяжан Өтеғұлованың спорттағы жанұясы туралы естігенде, өзім мүшелік ететін “Экспромт” би ансамблі ойыма келді. Біз де бір отбасыдай, бір-бірімізге әрдайым қолдау танытамыз.

Дәстүрлі шара орта және жоғары буын оқушылары арасында диалог алаңы ретінде өтсе, бастауыш сыныптарда ойын түрінде ұйымдастырылыпты.

 

 

Эльмира Садвокасова