Құқық қорғау органдары

«Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтуде

Өңірде «Қауіпсіз жол» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Оған 300-ден аса полицей жұмылдырылған. Тәртіп сақшылары соңғы 4 күннің ішінде 1600-ге жуық тәртіп бұзу фактісін тіркепті. Олардың ең көбісі темір тұлпар тізгіндеген жандар екен.

160-қа жуық патрульдік полицей, 153 учаскелік инспектор мен 60-тан аса өзге де мамандандырылған тәртіп сақшылары. Шараға құқық қорғау органдарының барлық күші жұмылдырылған. Облыс жолдарында 111 бекет пен автопатруль тізіліпті. Олардың 39-ы елді мекендер мен қалада болса, ал 31-і – республикалық маңызы бар автожолдарда.

Баян Байғаскина – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының инспекторы:

– Бұл шараның негізгі мақсаты – көлік жүргізушілерінің арасындағы тәртіпті күшейтіп, жол ережесі бұзылуының алдын алу.

Жалпы, 4 күннің ішінде тәртіп сақшылары жолда жүру ережесін бұзуға қатысты 1600-ге жуық фактіні анықтапты. Нәтижесінде көлікті масаң күйде басқарған 38 жүргізуші ұсталған. Қауіпсіздік белдігін тақпай және жылдамдықты асырған 424 адам жауапқа тартылды. Сондай-ақ, 267 жаяу жүргінші көшеде ортақ тәртіпті сақтамағаны үшін хаттама толтырыпты.

 

Бердимурат Баймухан