Қоғам

“Жас кәсіпкер” бағдарламасының жүзеге асуы

2 апта, 600 қатысушы мен 250-ге жуық грант. Өңірде “Жас кәсіпкер” жобасы аясында оқыту сабақтары аяғына жетті. Білікті мамандардан тәжірибе жинақтап, өз жобасын құрған жандардың жартысына жуығы 500 мың теңгенің грантына ие болған.

Аллаберген Қоспақаевтің сөзінше уқалаудың адам денсаулығынан берер пайдасы мол. Мәселен, массаж жасау арқылы сіңірдің созылу икемділігін арттырып, буынның қозғалысын жақсартуға болады. Сондай-ақ, шаршаған бұлшық еттер тез қалпына келеді. Білікті маман күніне 10-нан астам адамды қабылдайды. Аллаберген оларға емдік шараларды қолданбас бұрын ең алдымен денсаулығын тексеріп алады.

Аллаберген Қоспақаев – массаж жасаушы:

-Біз көбіне тірек-қимылдар ауруымен жұмыс істейміз. Омыртқаны емдеп-жазумен айналысамыз.

Емдеу, косметикалық, гигиеналық және спорттық. Жас маманның сөзінше, жалпы, уқалаудың 4 түрі бар көрінеді. Соның ішінде Шығыс елдерінің аса танымал әдісі – нүктелі массаж жоғары сұранысқа ие. Өйткені, ол бұлшық етті босатуға және ауырған жерді жазуға көп көмектеседі. Сондай-ақ, азамат мұнда келген науқастарды инемен де емдейді.

Аллаберген Қоспақаев науқастарға массаж жасауда мынадай құрылғыны қолданады. Бұл, әсіресе жауырын ауруларының алдын алуда көмектеседі екен. Жерлесіміз ТМД елдерінің медицинасында кеңінен қолданылатын қондырғыны мемлекет берген грантқа сатып алыпты.

Аллаберген Қоспақаев – массаж жасаушы:

– Жұмысты қалай дамыту керектігін түсіндірді. Қай бағытты ұстанған дұрыс екенін айтты.

“Жас кәсіпкер” жобасына 18 бен 29 жас аралығындағы өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе екі қолға бір күрек таппай жүрген жандар қатыса алады. Биыл бағдарлама аясында тиісті тренингтерге 600-ге жуық адам ат салысыпты. Кейін өз жобаларын құрып, қазылар алқасының алдында қорғаған.

Рахымбек Зейнуллин – СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Оқыту сабақтарын аяқтаған жастардың 250-ге жуығы 500 мың теңгеге дейін қайтарымсыз гранттар алды. Түрлі жобалар әкелінді. Арасында медицина саласы, кәсіп ашу, білім беру сынды тақырыптарда болды.

Айта кетейік, «Жас кәсіпкер» жобасы аясында оқыту сабақтары биылға тәмам. Келер жылы мемлекеттік бағдарлама жалғасын таба ма, жоқ па – әзірге белгісіз көрінеді.

 

 

Маржан Касымбек