МТРА жаңалықтары

Тропикалық көбелектер көрмесі жалғасуда

Шаһарда тропикалық қанатты жәндіктердің көрмесі өтуде. Оған арнайы Филиппин, Коста-Рика мен Оңтүстік Америкадан көбелектердің 15-тен астам түрі әкелініпті. Бұл өскемендік мамандардың Петропавлға алғаш келуі емес. Өйткені, әсіресе балалар тарапынан қызығушылық басым көрінеді.

Көздің жауын алатын түрлі түсті көбелектер тұрғындарды қызықтырмай қоймайды. Әсіресе, кішкентай балалар үшін бұл әдемі әрі таңқаларлық көрініс. Балақайлар қанатты жәндіктерді тек тамашалап қана емес, оларды барынша зерттеп, түр-түрімен танысып жатыр.

Константин Шайдуров:

– Осындай көрме өтіп жатқанын әлеуметтік желілерден білдім. Мұндай ерекше көбелектерді бұрын-соңды көрмегенмін. Өте қызықты, маған қатты ұнады. Қанатты жәндіктер бір-біріне ұқсамайды, әрқайсының өзідік ерекшелігі бар.

Ақтолқын Солтанханқызы – тілші:

-Атакус атлас – дүние жүзіндегі ең үлкен көбелек. Оның қанаттарының ұзындығы – 25-30 см, ал өмір сүру ұзақтығы 5-7 күн екен. Тропикалық жәндікті халық арасында “жыланбас” деп те атайтын көрінеді. Себебі, оның алдыңғы қанатындағы бояуы жыланның басына ұқсайды. Осылайша, ол көптеген жәндіктерге сес көрсетеді екен.

Көрмеде одан бөлек көбелектің “Колиго” деген түрі бар. Оның сыртқы кейпі үкіге ұқсас. Бұл жәндікке жабайы табиғатта өзгелерден қорғануға мүмкіндік береді екен. Тағы “Көгілдір морфа” дегені де бар. Ол өзінің сұлулығымен ерекшеленеді.
Көбелектердің барлығының өмір сүру ұзақтығы әр түрлі. Біреуі 1 айға шыдаса, енді бірі 5-6 күн ғана тірішілік етеді. Сол себепті, жұлдызқұрттар көрмеге тропикалық елдерден апта сайын жеткізілетін көрінеді.

Кристина Партенадзе – көрме әкімшісі:

– Жұлдызқұрттарды біз Филиппин, Коста-Рикадан әкелеміз. Бұл елдерде көбелектерді баптайтын арнайы фермалар бар. Олар алдымен оны Ресейге жібереді, кейін бізге келеді. Жұма сайын толығып тұратын жәндіктердің нақты саны белгісіз. Ал шамалап алғанда көрмеде 15 түрлі 80-ге жуық көбелек бар.

Жәндіктер жайғастырылған орында температура +25,+27 градус шамасында сақталып тұрады. Ал ауаның ылғалдылығы 70 пайыздан төмен болмауы тиіс. Яғни, барынша тропикалық ормандағыдай қолайлы жағдай жасалған. Тұрғындар көбелектерді “City Mall” орталығында қаңтардың 12-сіне дейін тамашалай алады.

 

 

Актолкын Солтанханкызы