МТРА жаңалықтары

Телефон нөмірін тіркемеген қазақстандықтар байланыссыз қалды

Мыңдаған қазақстандықтың телефон нөмірлері бүгін байланыстан ажыратылды. Олар қарапайым қоңырау шала алмай жатқандарына наразылық білдіріп, ұялы байланыс салондарының табалдырығын тоздырды.

 Саят Ермек – тілші:

– Бүгін таңертең қазақстандықтардың көпшілігі ұялы байланыссыз қалды. Интернетке шығу былай тұрсын, бұл абоненттер қоңырау шалып, хабарламалар жібере алмай дал болды. Сондықтан, таңсәріден тұрғындар жаппай ұялы байланыс салондарына ағылды. Байланыстың өшірілуіне не себеп болды? Сұраққа жауап іздеп қазақстандық операторлардың бірімен хабарласқан едік. Жағдайды олар былайша түсіндірді.

Олжас Бибанов – ұялы байланыс операторының PR-менеджері:

– Бүгін түнде Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі деректер қорында тексеріс жүргізді. Телефон нөмірін смартфонның IMEI-коды мен өзінің ЖСН-іне тіркемеген абоненттер үшін байланыстың барлық түрлері өшірілді. Яғни, тіркелмеген нөмірлер жарамсыз деп танылды. Кеше операторлардың бәрі абоненттеріне сәйкес СМС-хабарламалар жіберген болатын.

Саят Ермек – тілші:

– Ескерту хабарламасын алған абонент, жоғарыда айтылғандай, телефон нөмірі мен байланыс құрылғыларын бірден өз ЖСН-іне тіркеуі керек болған. Алайда, бұл СМС-ке көбі мән бермеген көрінеді. Ол-ол ма, тіркелмеген нөмірлердің байланыстан ажыратылатыны жайлы азаматтарға бірнеше рет бұған дейін де ескертілген болатын. Ал 2019-дың 1-ші қаңтарында тиісті заң күшіне енді.

Ал нөмір мен смартфонды азамат өз атына тіркемейінше байланыс қосылмайды. Тіркеу процедурасы өте қарапайым. Ол үшін салонға барудың қажеті де жоқ дейді Олжас Бибанов.

Олжас Бибанов – ұялы байланыс операторының PR-менеджері:

– Абонент өз сим-картасын жаңа құрылғыға орнатқан кезде оған СМС-хабарлама келеді. Кейін ол өзінің ЖСН-ін жазып жіберуі керек. Сонда телефон нөмірі мен смартфонның ІМЕІ- коды оның атына автоматты түрде тіркеледі. Заң бойынша бұл – абоненттің міндеті. Адамдарға осыны есте сақтау керек. ЖСН, телефон нөмірі мен ІМЕІ-код сәйкес келуі тиіс. Өйтпесе, байланыс өшіріледі.

Отандық оператор өкілдерінің айтуынша, жеке деректерін жіберіп, тіркелген абоненттерге байланыс бүгін қайта қосылады.

 

 

Саят Ермек