Білім

Инклюзияны қолдау кабинетінің жұмысы

Оқиды, жазады, сурет салады, арнайы тапсырмаларды орындайды! Қаламыздағы №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінде инклюзияны қолдау кабинеті жұмыс істейді. Мұнда білікті мамандар  ерекше білімді қажет ететін 9 балаға көмек көрсетеді.

Мына кабинетте ерекше білімді қажет ететін балаларға арналып сабақ өтуде. Бүгін олар сөмкеге оқу құралдарын рет-ретімен салуды үйренуде. Мұғалім Анастасия Богданова шәкірттерге оқушының күнделікті міндетін орындау тәртібін көрсетіп жатыр. Мұны жеткіншектер мұқият қарап отыр. Көп ұзамай алғашқы тапсырма да аяқталды. Енді жазу жазамыз, сурет саламыз. Балалар қолдарына қалам-қарындаштарын алып, қағаз бетіне әріптер мен бейнелерді түсіруге кірісті.

Анастасия Богданова – №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешені инклюзияны қолдау кабинетінің мұғалімі:

– Қазіргі күні бұл кабинетте біздің мектептің 9 баласы білім алады. Олардың 4-еуі – бірінші, 2-еуі – үшінші және үшеуі даярлық тобында оқиды. Мұнда қолайлы жағдай жасалған. Тапсырмаларды орындауға қажетті заттардың, оқу құралдарының барлығы бар. Оқыту сабақ барысында жүргізіледі. Яғни, балалардың сабақтары аяқталғасын осында келіп, мамандармен арнайы бағдарлама бойынша жұмыс жасайды.

Топтық тапсырмалар аяқталды. Енді балалар жеке-жеке жұмыс істемек. Олардың әрбіріне тьюторлар, яғни арнайы мамандар бекітілген. Міне, осы жандар жаттығуларды орындауға көмектеседі.

Мысалы, қазір Павел Дурников өзінің тьюторымен буындарды оқып жатыр. Ол 7 жаста. Балақай арнайы кабинетке қыркүйектен 4-ші жұлдызынан келіп жүр. Содан бері біраз дүниені меңгеріпті. Қазір жақындарымен көбірек сөйлеседі екен әрі қимыл белсенділігі артыпты.

Ольга Дурникова:

– Паша мерзімінен бұрын туылды. Оның салдары да болмай қоймады. Мектепте инклюзияны қолдау кабинетінің ашылғандығына разымыз. Себебі, дәл осы жердегі мамандардың арқасында ұлымның бойынан оң өзгерістерді байқап жатырмыз. Балам бастапқыда мұнда келгісі келмеді, қорықты, жанындағылардан жатырқады. Ал қазір олай емес. Таңертең тұра сала осында асығады.

Оқыту кезінде ерекше білімді қажет ететін балалардың әрқайысына бекітілген тьюторлар ауысып тұрады. Яғни, уақыт өте белгілі бір маман өзге оқушымен жұмыс істейтін болады. Мұның нәтижесінде шәкірттер басқа да жаңашылдықтарды меңгереді екен.

– Мұндағы балалар сабақ та оқиды, сонымен қатар спортпен де шұғылданады. Мысалы, менің қасымда арнайы аймақ бар. Бұл жерде керектінің барлығы қарастырылған. Доп та, арнайы батут та, оған қоса баскетбол торы да орнатылыпты. Бұл жерде ұл-қыздар сергіп алады.

Айта кетейік, №8 жалпы білім беретін эстетикалық тәрбие орта мектеп-кешенінде инклюзияны қолдау кабинеті үстіміздегі жылдың 1-ші қыркүйегінде жұмысын бастады. Оның ашылуына облыс әкімі мен “Болашақ” корпоративтік қоры мұрындық болды.

 

 

 

 

Култанов Байболат