МТРА жаңалықтары

Бағаны тұрақтандыру қоры қысқа дайын!

Бағаны тұрақтандыру қоры қысқа дайын! Теріскейліктерді бірінші қажеттіліктегі азық-түлікпен қамту үшін тиісті көлемде көкөністер сатып алынған. Сәбіз, картоп, қырыққабат пен пияздың дені қоймаға жеткізіліпті. Өнімдер келесі орақ науқанына дейін дүкен сөрелеріне жайғастырылмақ. Бастысы, тауарлардың бағасы әдеттегіден төмен болады.

Қыс жақындап келеді. Көкөністердің маусымы аяғына жетуде. Енді біртіндеп дүкендегі картоп, сәбіз дегендердің құны өсуі мүмкін. Ал, қыс кезінде бірінші қажеттіліктегі бұл тауарлардың бағасы тіптен шарықтап кетеді. Мәселен, өткен жылы қарапайым қырыққабат теріскейліктер үшін экзотикалық тауардың біріне айналған еді. Дүкен сөрелерінде оның бір келісі 300 теңгеге дейін жететін. Кей кәсіпкерлер бұдан да бетер асырыпты. Тек тұрақтандыру қорының нүктелерін білетін жандар қырыққабаттың орташа бір басын 200 теңгеге сатып алған.

Марат Нұрқанов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Өткен жылы қырыққабат 100 тонна сатып алынды. Ол наурыз айына дейін жетті. Биыл 200 тонна алуды шештік. 100 тоннасы әкелінді, қалғаны – жолда. Қырыққабаттың келісі 80 тг маңайында саудаланбақ.

Өткен жылғы тәжірибеге сүйеніп мамандар биыл тұрақтандыру қорындағы кей көкөністердің үлесін арттырған. Теріскейліктерді келесі орақ науқанына дейін қамту үшін маңызды деген 4 өнім қажетті көлемде сатып алыныпты. Қазір “Радуга” серіктестігіне қарасты қоймада картоптың 440 тоннасы сақтаулы. Гало сұрпы өткен жылғы қауырт маусымға шыдас беріп, соңғы легі сауда нүктелеріне тамыз айында жеткізіліпті. Бірі де бүлінбеген көрінеді. Сондықтан, биыл да дүкен сөрелеріне дәл осы түрі қойылатын болады.

Владимир Михайленко, “Радуга” ЖШС көкөніс қоймасының кураторы:

– Қойманың сыйымдылығы 2 мың тоннаны құрайды. Нысан 5 бөлікке бөлінген. Әрбіреуінде белгілі бір тауарды сақтауға қажетті ылғалдылық пен температураны белгілейтін құрылғылар бар. Мәселен, картопты бүлінбеуі үшін +3,+5 градуста ұстау қажет. Ал, ылғалдылығы 90 пайыздан аспағаны жөн. Қырыққабат керісінше -5 градуста сақталынады.

Тағы жергілікті тауар өндірішулерден 160 тонна сәбіз сатып алынған. Сауда нүктелеріне көкөністің келісі 83 теңгеден жеткізілмек. Пияздың бағасы да дүкен сөрелерінде соның шамасында болады.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Қоймада пияздың 200 тоннасы сақтаулы. Бағаны тұрақтандыру қоры көкөністің тек осы түрін ғана өзге өңірден сатып алады. Атап айтқанда, Жамбыл облысынан. Манас деп аталатын бұл сұрып келесі орақ науқанына дейін бүлінбей сақталады.

Марат Нұрқанов – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының бөлім басшысы:

– Тұрақтандыру қорының өзінің 3 нүктесі бар. Ол – «Корона»сауда үйі, «Тайга» мен Коммуналдық базар. Тағы тауарларды “Семейный”, “Айсберг” сауда желілерінен сатып алуға болады.

Көкөністерден бөлек, қысқа 68 тонна күріш, 52 мың литр күнбағыс майы мен 140 тонна қарақұмық сатып алынған. Қордың қоймасында тағы 385 тонна қант сақтаулы. Өнімдердің барлығы дүкен сөрелеріне қараша айынан бастап жеткізіледі.

 

Эльмира Садвокасова