Халық тарих толқынында

314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің сүйектері табылды

314-ші атқыштар дивизиясы жауынгерлерінің сүйектері табылды. Ресейде еріктілерден құралған «Переправа» іздеу жасағы қазба жұмыстарын жүргізген болатын. Нәтижесінде соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен 160-қа жуық солтүстікқазақстандық солдаттың 55-інің мәйіті табылды. Қан майданда жау оғына кеудесін төсеп, елі мен жерін қорғап ажал құшқан жандарды жерлеу үшін бүгін арнайы делегация жолға аттанды.

314-ші атқыштар дивизиясы 1941 жылдың жазында құрылды. Оның құрамында 11 мыңға жуық солтүстікқазақстандық сарбаз болған. Бұл жандардың Лениград облысында жаумен күрескені тарих беттерінде жазылып тұр. Қан майданда Отан үшін от кешкен жерлестеріміздің біразы қаза тапты. Ал кейбірі із-түссіз жоғалды.

Дивизия құрамында болған 160-қа тарта адам хабар-ошарсыз кеткен. Қазіргі күні осы жауынгерлердің денесін іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нәтиже жоқ емес, бар. Биыл еріктілерден құралған «Переправа» жасағы қазба жұмыстарын жүргізіп, 55 солтүстікқазақстандықтың мәйітін тапты.

Асқар Хабибулин – қала әкімінің орынбасары:

– Жауынгерлердің денесі Ресейдің Ленинград облысы Лодейное поле ауданы Свирь ауылының маңынан табылды. 1-ші батальонның 1076-шы атқыштар полкі кезінде сол аумақта жауға қарсы соғысқан. Қазба жұмыстары кезінде 160-қа жуық майдангердің 55-інің денесі табылды. Олардың барлығы – біздің жерлестеріміз. Бүгін біз Отан үшін кеудесін оққа тосқан аталарымыздың рухына тағзым етіп, оларды еске алу үшін осында жиналып отырмыз.

Қазіргі күні мамандар табылған сүйектерге зерттеу жасап, 10 адамның кім екенін анықтапты. Олардың 8-і петропавлдық болса, 2-уі Көкшетау қаласынан аттанған сарбаздар екен. Бүгін солтүстікқазақстандық делегация сол жауынгерлерді қайта жерлеу үшін Ресейге аттанбақ.

Иманғали Татваев – делегация жетекшісі:

– Бүгін өте маңызды күн. Менің қолымда Солтүстік Қазақстанның топырағы салынған капсула бар. Оны Ресейге жеткіземіз. Кейін қазанның 26-сы күні батырларымыз жерленетін жерге апарып саламыз. Осылайша өзіміздің парызымызды орындаймыз.

Кім екені анықталғандардың бірі – теріскейлік Александр Артемьев. Ол 1941 жылы соғысқа аттанып, хабар-ошарсыз кеткен.

Тамара Пляшечникова – Александр Артемьевтің немересі:

-Атам 1908 жылы дүниеге келген. Ол дәл осы 314-ші атқыштар дивизиясының 1-ші батальоны 1076-шы атқыштар полкінде болған. Жақында интернетті ақтарып жатып, қазба жұмыстары жөніндегі мақаланы кездестердім. Оны оқып кезінде хабар-ошарсыз кеткен атамның есімін көріп қатты қуандым. Бүгін оны қайта жерлеу рәсіміне аттанамын.

Шара барысында қатысушылар ҰОС қаза тапқан жауынгерлердің ескерткіші алдына гүл шоқтарын қойды және 1 минуттық үнсіздікпен еске алды. Айта кеткен жөн, Ресейдегі Свирь ауылының маңында батырларымызды жерлеу рәсіміне қатысатын делегация 7 адамнан тұрады.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан