ТЖ

Жылыту маусымы басталғалы өңірде 40 өрт оқиғасы тіркелген

Жылыту маусымы басталғалы өңірде 40 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 3 адам қаза тауып, 4-еуін күйік шалған. Соңғы қайғылы жағдай Аққайың ауданында болды.

Күн суығалы бері орын алған оқиғалардың бірі қазанның 17-сі тіркеліпті. Қайғылы жағдай Аққайың ауданындағы Смирново селосында 2 қабатты үйде болған. Көршілердің сөзінше қаза тапқан пәтер иесі жалғыз тұрған көрінеді. Марқұмның тұрақты жұмысы болмапты, ішімдікке де әуес болған көрінеді.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Өрт кешкі 6 мен 8-дің аралығында шыққан. Салдарынан 50 жастағы азамат көз жұмды. Қазанның 14-і күні Қызылжар ауданындағы Боголюбово ауылында да үй отқа оранды. Баспанадан 47-ші жылғы 2-ші топтағы мүгедек ер адамның денесі табылды.

Өңірде иіс тию оқиғалары да азаяр емес. Жыл басынан бері 1 адам көк түтінге тұншығып мерт болған. Ыс тиіп уланған 27 тұрғын ауыр халде ауруханаға жеткізіліпті.

ТЖД өкілдерінің айтуынша өрт оқиғаларының дені түнгі уақытта тіркеледі. Өйткені, шырт ұйқыда жатқан адам от тұтанғанын, түтін шыққанын сезбеуі мүмкін. Осы орайда мамандар арнайы қондырғыны орнатуға кеңес береді. Бұл құрал иісті лезде сезіп, құлаққа жағымсыз қатты дыбыс шығаратын көрінеді. Сол сәтте адам лезде оянады.

Игорь Балеев – СҚО ТЖД басқармасының бастығы:

– Бүгінде облыс орталығындағы жер үйлерге дыбыс беретін 300-ге жуық құрылғы орнаттық. Тағы 200-ден астамына тапсырыс беруді жоспарлап отырмыз. Біреуінің құны 5 мың теңгені құрайды. Құрылғының көмегімен тілсіз жаудың алдын аламыз деген сенімдеміз.

Жалпы, биыл өңірде 554 өрт оқиғасы тіркелген. Салдарынан 33 адам көз жұмған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 6 адамға көп.

 

 

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы