Аптадағы маңызды жаңалықтар

СҚО-да әлеуметтік нан қымбаттамайды

СҚО-да әлеуметтік нан қымбаттамайды! Кеше облыстық әкімдіктің отырысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов осылай деді. Ас атасының құнын аудандардағы кәсіпкерлер өздігімен ұстауы тиіс. Ал шаһардағы бірқатар наубайханаларға жергілікті билік көмек көрсетпек. Мұның нәтижесінде тұрғындар тауарды бұрынғы бағада сатып ала бермек.

Бұл – Петропавл нан-тоқаш комбинаты. Мұнда жұмыс қызу. Мамандар күн-түн демей еңбек етіп, 40-тан аса тауар түрін дайындайды. Әзірленген өнім кәсіпорынға тиесілі сауда нүктелеріне таратылады. Сонымен қатар, қаладағы өзге де дүкендерге жеткізіледі.

Ерлан Қайшыбеков – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС директоры:

– Біз айына 600 тонна өнім дайындаймыз. Ал тәулігіне қуаттылық 20-21 тоннаны құрайды. Өнімдер өзіміздің 24 сауда нүктесінде және өзге де дүкендерде сатылады.

Серіктестік басшылығы жақын арада комбинаттан шығарылатын өнімдердің басым көпшілігінің бағасын өсірмекші екен. Олардың әрқайсысының құны кем дегенде 10-15 пайызға жоғарылайды. Мұның себебі мынада: қазіргі күні кәсіпорын астықты жоғары бағамен сатып алып жатқан көрінеді. Мәселен, 3-ші сыныпты бидайды 70 мың теңгеден алуда. Бірақ, халық жиі тұтынатын ас атасының 5 түрінің құны қаз-қалпында қалады. Сомасы өзгермейтіндердің арасында қалалық, яғни әлеуметтік нан да бар.

Ерлан Қайшыбеков – “Петропавл нан-тоқаш комбинаты” ЖШС директоры:

– Әлеуметтік нанның бағасы келесі орақ науқанына дейін қымбаттамайды. Бұл жөнінде облыстық әкімдікпен келісімге келдік. Бізге жергілікті билік көмек көрсетеді. Яғни, арзандатылған бидай жеткізеді. Мұның нәтижесінде өзіміздің сауда нүктелерінде әлеуметтік нан бұрынғыдай 61 теңгеден сатыла бермек.

Қазіргі күні серіктестік бір тәулікте әлеуметтік нанның 5 мыңнан аса бөлкесін пісіреді екен. Олардың әрқайсысының салмағы 500 граммды құрайды. Осы орайда айта кетейік, жергілікті билік Петропавл нан-тоқаш комбинатынан өзге басқа да өндіріс ошақтарына қолдау танытпақ.

Құралай Жарова – СҚО кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы:

– Бүгінгі күні Петропавлда 12 наубайхана жұмыс істейді. Олардың 6-ауымен әлеуметтік нан бағасын қымбаттатпау бойынша келісімге келдік. Өндіріс ошақтарының біріне арзандатылған бағадағы бидай жеткіземіз. Ал қалған 5-еуіне 1-ші сұрыпты 3 мың тонна ұн сатып алдық. Сол себепті, бұл кәсіпорындар ас атасының құнын арттырмайды.

Ал қалған 6 наубайхана нанның бағасын артыра алады ма? Иа, олар аса атасының құнын жоғарылата алады. Бірақ, қосылған сома шамадан тыс болмауы тиіс. Мұны жергілікті билік өкілдері ұдайы қадағалап отырамыз дейді. Егер де заңбұзушылық анықталса, бағаны шарықтатқандар жазаланбақ. Айта кетейік, өңірімізде соңғы рет әлеуметтік нан өткен жылы күзде 4 теңгеге қымбаттапты.

Култанов Байболат