Қоғам

Петропавлда хакатон өткізілді

Бүгін С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада хакатон өткізілді. Қатысушылар мүгедек жандардың алдында туындайтын мәселелерді шешу жолдарын талқылап, өз идеяларын ұсынды. Жеңімпаздар келесі жылы Бурабайда өтетін байқауда жобаларын қазылар алқасына таныстырады.

Медицина саласы, жол жүру кезіндегі қиындықтар, сапалы білімге қол жеткізу. Хакатон өткізудегі негізгі мақсат – мүмкіндігі шектеулі жандардың алдында туындайтын мәселелерді шешудің заманауи жолдарын табу. Нұр-Сұлтан қаласынан келген мамандар мұндай жиынды өңірмізде алғаш рет өткізіп отыр.

Захира Бегалиева – «ITeachMe» жобасының авторы, Нұр-Сұлтан қаласы:

– «ITeachMe» жобасы осыдан 10 ай бұрын қолға алынған болатын. Біз алғашқы хакатунды Орал қаласында өткіздік. Сол кезде оған қатысуға түрлі қалалардан өтініштер келіп түсті. Екеуінде де авторлар өздері ойлап тапқан түрлі идеяларын ұсынды.

Алматылық Сергей Шевченко – «IteachMe» жобасы аясында өткен алғашқы хакатонның жеңімпазы. Тапқыр жігіт мүкіндігі шектеулі жандарға арналған онлайн және оффлайн курстарын ұсынып, грант ұтып алған. Талапты жастың бастамасы қазірдің өзінде көпшіліктің қолдауына ие болыпты.

Сергей Шевченко, «IteachMe» жобасы аясындағы алғашқы хакатонның жеңімпазы, Алматы қаласы:

– «IteachMe» жобасы мүгедек жандардың тұрмысын жақсартуға бағытталған. Бастапқыда мен өз идеямды жүзеге асыруға жасқандым. Бірақ, мамандармен тілдескен кезде өмірге жаңаша көзқарас пайда болды. Алдыма қойған мақсаттарым көп.

Жерлесіміз Сәлімхан Сәбитов мүмкіндігі шектеулі жандарға арнап автомектеп ашқан. Қазіргі уақытта жоба сәтті жүзеге асырылып жатыр. Ол бүгін хакатонға қатысушыларға қолдау білдіру үшін келген.

Сәлімхан Сәбитов, «Равная дорога» автомектебі» ЖШС директоры:

 – Бүгінгі күні автомектепте 17 түлек оқиды. Қазірде олардың 2-уі көлік жүргізіп жатыр.

«IteachMe» жобасы аясындағы хакатонның жеңімпаздары келесі жылы қаңтар айында Бурабайда өтетін байқауға барады. Қатысушылар шарада IT-салада жұмыс істеп жүрген кәсіби мамандардан тәжірибе жинақтап, әзірлеген жобаларын қорғайды. Қазылар алқасының көңілінен шыққан бастамаға 1 млн теңге көлемінде грант беріледі.

Маржан Касымбек