Спорт

Қарымта кездесуде құлагерліктер “Altai Torpedo”-дан жеңіліс тапты

Қатарынан 6-шы жеңіліс. Кеше “Qulager” ХК өскемендік “Altai Torpedo” кұрамасына қарсы қарымта кездесу өткізді. Матч тартысқа толы болды. Бірақ, қанша тырысқандарымен Олег Гущиннің шәкірттері овертаймда қарсыластарына есе жіберіп алды.

Ойынның басынан құлагерліктер басымдық танытты. Кездесудің 8-ші минутында Илья Ахметовтың берген пасын ұтымды пайдалана білген Евгений Попитич есеп ашты.

Бірінші периодтың соңғы минутында «Altai Torpedo»-ның ойыншысы Александр Архипов теріскейлік қақпашыдан айласын асырып, есепті теңестірді.

Матчтың екінші кезеңінде қос құрама да әзірге бірқалыпты ойнауда. Құлагерліктер қанша тырысқанымен қақпаға бағытталған соққылардан еш нәтиже шықпады.
Соңына қарай қарсылас команда күшке мінді. Осылайша «Altai Torpedo» жерлестеріміздің қақпасына екінші шайбаны дарытты. Голдың авторы – Александр Архипов. Әзірге, есеп 1 де 2.

– Жерлестерімізге сәттілік тілейміз. Бүгін жеңіске жетеді деп сенемін.

– Менің ойымша, ойын 3:2 есебімен аяқталады. Құлагер жанкүйерлеріне жеңіс сыйлауы тиіс.

Кездесудің шешуші кезеңі де басталып кетті. Құлагерліктер барынша тырысып жатыр. Қарсылас құрама да дес берер емес. Арада 13 минут өткен кезде асыға күткен шайба қонақтардың қақпасынан саңылау тапты. Денис Стасюктің берген пасын ұтымды пайдалана білген Илья Ахметов командасына 2-ші голды сыйлады. Есеп теңесті: 2 де 2. Ойынның тағдыры 5 минуттық овертаймда шешілді. Қосымша уақыттың аяқталуына небәрі 2 минут қалғанда шайба күтпеген жерден “Qulager”-дің қақпасына кірді. Қарымта кездесуде жерлес хоккейшілер өскемендіктерге осылай есе жіберіп алды. Матчтың нәтижесі – 2:3.

Егор Кудин – «Qulager» ХК қорғаушысы:

– Барынша тырыстық. Бірақ, жеңіс қарсылас құрамаға бұйырды. Өкінішті, әрине. Алдағы уақытта жанкүйерлерімізді қуантамыз деп ойлаймын. Ол үшін бар күшімізді саламыз.

Қазіргі таңда “Qulager” турнирлік кестеде 17 ұпаймен 8-ші орында тұр.
Енді теріскейліктер келесі ойынды өз айдынында павлодарлық “Ертіс” құрамасына қарсы өткізеді. Матч қазаннның 25-сі мен 26-сы күндеріне жоспарланып отыр.

 

 

Ешкенова Дана