Спорт

Аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары шахмат ойнады

Өңірімізде қарттар айлығы аясында түрлі іс-шаралар ұйымдастырылуда. Бүгін Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында шахмат жарысы өтті. Онда аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары өзара сынға түсті.

Аға буын өкілдері мен мектеп оқушылары өзара шахмат ойнап жатыр. Сайысқа түсушілердің ең үлкені – Владимир Тимошин. Оның жасы – 85. Қария жылдам ойлап, тез шешім қабылдауға үйрететін ойынды осыдан 15 жыл бұрын үйреніпті.

Владимир Тимошин – зейнеткер:

– Шахмат ойнауды зейнетке шыққасын үйрендім. Қазір ұдайы шахмат клубына барып, жаттығып тұрамын. Өзіме осы ермек ұнайды. Бүгінгі сайысқа қатысушы балалардың барлығы алғыр екен. Мысалы, қарсыласымның бірі – 2-ші дәрежедегі спортшы.

Шыныменде сайысқа қатысушылардың барлығы мықты. Абдрахман Шайхиден 6-шы сыныпта оқиды. Жеткіншек осы күнге дейін түрлі жарыстарда топ жарыпты. Алғыр бала бүгін де мықтылығын дәлелдеді. Ол өзінен 74 жас үлкен қарсыласын тізе бүктірді.

Абдрахман Шайхиден – Сафуан Шаймерденов атындағы қалалық классикалық гимназияның оқушысы:

 – Мен шахмат ойнағаннан бері математика сабағынан үлгерімім артты. Ол ойлау қабілетін дамытады.

Жалпы, бүгінгі шахмат жарысында 20-ға жуық зейнеткер мен мектеп оқушысы қатысты. Үздік атанғандар арнайы аталымдар бойынша
кубок және дипломдармен марапатталды.

 

 

Бердимурат Баймухан