Білім

Университет студенттерінің жаппай төбелесуіне не себеп?

Жергілікті университет студенттерінің өткен жексенбідегі төбелесі қазір қоғамның қызу талқысында. Жаппай жұдырықтасуға 40-тан астам бозбала қатысқан. Оқиға орнына лезде жеткен полицейлердің арқасында төбелестен ауыр зардап шеккендер жоқ. Ал келесі күні оқу ордасының ректоры Серік Өмірбаев отставкаға кеткенін мәлімдеді.

Саят Ермек – тілші:

– Кикілжің дәл осы жерде басталған. Бұл – студенттер түскі астарын ішетін танымал асхана. Университет басшылығы берген ақпарға сәйкес бірнеше бозбала дәл осы асханада кезекті бөлісе алмай, легісіп қалған.

Бұл – қазанның 19-ы болған оқиға. Тағамға тапсырысты кім бірінші беруі керек еді, кезекті кім бұзды? Дауды жігіттер бейбіт жолмен емес, жұдырық арқылы шешпекші болған. Сондықтан, келесі күні адам аз жерде кездеседі.

Саят Ермек – тілші:

– Келіспей қалған қос тарап кикілжіңді төбелеспен шешпекке курстастары мен жатақханадағы достарын шақырады. Осылайша, қазанның 20-сы кешкі 5-тер шамасында Ойқаладағы дәл осы дәмхананың маңында 40-қа жуық студент жаппай жұдырықтасады. Алайда, көп кешікпей оқиға орнына патрульдік полиция жетеді. Тәртіп сақшыларын көре салысымен жігіттер бас сауғалай қаша жөнеледі.

Іздерін суытпақшы болған студенттер әлеуметтік желіде тараған мына әуесқой видеоға түсіп қалған. Жүгіріп бара жатып та олар бірін-бірі жағасынан алып, ұрып әлек. Бұзақылардың арасында “Серпін” бағдарламасы аясында келген студенттер де, жергілікті жігіттер де болған. Топтық төбелеске 2-ші және 3-ші курс студенттері қатысқан, дені жатақханаларда тұрады. Полицейлер 46 білім алушыны ұстап, бөлімшеге жеткізген. Оларды университет әкімшілігі міндетті түрде жазалаймыз дейді.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Оқиға туралы қызметкерлеріміз жатақханада тексеріс жүргізіп жатқанда білген. Кейін бірден полицияға хабарлайды. Кеше университетте арнайы комиссия құрылды. Жанжалға қатысқан студенттердің бәрімен әңгімелесіп, төбелес бастауға үгіттегендерді анықтаймыз. Олар ЖОО-дан шығарылады.

Ал өзгелеріне ескерту жарияланып, олар есепке алынады. Бұл жігіттермен енді профилактикалық шаралар жиі жүргізілмек. Мұндай заңбұзушылыққа жол берген тәрбие ісіне жауапты қызметкерлерді де жауапқа тартамыз дейді әкімшілік. Ол-ол ма, кеше ЖОО-ның ректоры Серік Өмірбаев отставкаға кеткенін мәлімдеді. Бұл қос жәйт өзара байланысты ма?

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ ректорының міндетін атқарушы:

– Кеше ғылыми кеңестің кеңейтілген отырысында университет басшысы лауазымынан кеткенін мәлімдеді. Ректор өтінішті қазанның 9-ы жазған болатын. Сенбі күні Білім және ғылым министрі оны қарастырып, қол қойып, кеше бұйрық шықты. Сондықтан, студенттер арасындағы кикілжің мен ректор отставкасының арасында ешқандай байланыс жоқ.

Саят Ермек – тілші:

– Жоғарыда айтылғанның бәрі – университет берген ресми ақпарат. Алайда, отандық интернет-порталдардың бірі топтық төбелеске қатысқан бір студентпен тілдесіпті. Сұхбатта ол жоғарғы курс студенттерінің кішілерінен ай сайын ақша тапсырып тұруды талап еткендерін, ал қарсылықтың арты жұдырықтасуға ұласқанын айтады. Ақпараттың рас-өтірігін енді тәртіп сақшылары тексеріп жатыр. Айта кету керек, резонансты оқиғаның мән-жайын полицейлер ғана емес, қалалық және облыстық прокуратура да анықтауда.

 

 

 

 

 

 

Саят Ермек