МТРА жаңалықтары

СҚО-да мал ұрлау фактілері көбейген

Жыл басынан облыс аумағында 5 мыңнан астам қылмыстық құқық бұзушылық фактісі тіркелген. Бұл былтырғының сәйкес кезеңімен салыстырғанда 9,1 пайызға аз. Жалпылай алғанда заңбұзушылықтар саны төмендегенімен, жекелей келгенде өсім бар екен. Оның ішінде мал ұрлау оқиғалары жиілепті.

Баспасөз брифингі Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті облыстық басқармасының бастығы Нұрлан Нұрсейітовтің қатысуымен өтіп жатыр. Ол алдымен ең көп құқық бұзушылық тіркелген аумақтарға тоқталды. Қылмыстар Петропавл қаласы мен Тимирязев ауданында көбірек орын алған. Мысалы, соңғы аталған ауданда 9 айдың ішінде 140-қа жуық факті анықталыпты.

Нұрлан Нұрсейітов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының бастығы:

– Өңірде тіркелген фактілердің негізгі бөлігін, нақтырақ айтатын болсақ, 61 пайызын орташа ауыр қылмыс құрайды. Ал 16,5 пайызы қылмыстық теріс қылықтарға тиесілі. Тағы, 9 айдың ішінде 11,1 пайыз ауыр емес және 9,8 пайыз ауыр қылмыстар жасалды. Аса ауыр қылмыстар 1,2 пайызды құрайды.

Жалпы, биыл теріскейде 5139 қылмыс тіркеліпті. Бұл былтырғы көрсеткіштен 9,1 пайызға аз. Спикердің сөзінше өлкемізде өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда қарақшылық, бопсалаушылық және ұсақ бұзақылықтардың саны азайыпты. Дегенмен, ұрлық фактілері әлі де төмендер емес. Әсіресе, ауылдық жерлерде мал айдап әкету жағдайы өзекті тұр. 9 айдың ішінде мұндай 70 факті тіркелген.

Нұрлан Нұрсейітов – Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті СҚО бойынша басқармасының бастығы:

– Ұрлық Қызылжар, Ғ.Мүсірепов және Ақжар аудандарында жиі тіркеледі. Сонымен қатар, биыл өңірімізде нәзікжандыларға қатысты жасалған заңбұзушылықтар саны 4,4 пайызға азайды. Тағы, кәмелеттік жасқа толмағандарға қатысты орын алған зорлық-зомбылық фактілері де 12,2 пайызға қысқарды.

Осы орайда тұрғындарға құлаққағыс. Өңірімізде «Электрондық қылмыстық іс» жобасы жұмыс істейді. Оған кез келген тұрғын арызын жолдай алады. Мұның нәтижесінде қылмыстық процесстердің уақыты қысқарады, қағаз жұмыстар азаяды. Жыл басынан бері құқық қорғау органдарында 1400-ден астам іс электронды түрде тергелген.

Ешкенова Дана