МТРА жаңалықтары

Петропавлда алғашқы қар жауды

Бүгін түнде Петропавлда алғашқы қар жауды. Бұл қыстың жақындап келе жатқанын білдіреді. 2019-дағы бірінші ақ ұлпаның жаууымен бірге қала көшелерін қардан тазалайтын коммуналдық кәсіпорындар да жұмысқа кіріседі.

Әдетте қарашаның ортасында жауатын алғашқы қар Петропавлда биыл сәл ертерек түсті. Өткен түнде жапалақтап жауған ақ ұлпаға қатысты әркімнің пікірі әр алуан. Егде жастағылар мен жүргізушілер көктайғақтан сескенсе, жастар мен балалар аққала жасап, қар атысып мәз-мейрам.

– Колледжден шығып, көтеріңкі көңіл-күймен үйге бара жатырмыз. Жол-жөнекей қармен атысып та үлгердік. Ертерек болса да алғашқы ақ ұлпаның жауғанына қуаныштымын. Қара суыққа қарағанда аяз жақсы ғой.

– Ызғарлы жел болмаса, алғашқы қарға қарсылығым жоқ. Тек көлігімнің дөңгелектерін ауыстырып үлгермедім. Таң ата бәрі қатса, абай болу керек.

Коммуналдық мекмелердің жұмысшылары таң атқалы шаһар аумағын алғашқы қардан тазартты. Ақ ұлпаның басым бөлігі еріп кетті. Ал бұл таңертең сынап бағанасы минустық температураны көрсетсе, көшелерді көктайғақ басады деген сөз. Қалалық ТҮКШ бөлімінің мамандары бұған дайынбыз дейді.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Бүгін таңғы сағат 4-те коммуналдық кәсіпорындар көшелерді тазалауға кірісті. Техниканың 15 бірлігі – тротуарларды, ал 3-уі жолдарды тазартты. Егер таңертең көктайғақ болса, құм мен тұз қоспасын шашатын машиналарды бірден жібереміз.

Шаһарды қардан тазалауға биыл 70 бірлік техника жұмылдырылмақ. Бұдан бөлек, 2,5 мың текше құм-тұз қоспасы әзірленген. Ол тротуарлар мен жолдарға жүйелі түрде көктайғаққа қарсы төселеді. Егер ақ ұлпа алдағы күндері де белсенді жауатын болса, тазарту жоспарға сай жүргізілмек.

Дулат Шәріпов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Қар тазалау түнгі уақытта, яғни кешкі 10-нан бастап таңғы 5-ке дейін жүргізілетін болады. Бұл уақытта көшелерде көліктер аз. Ал құм-тұз қоспасы таңғы 5-тен 7-ге дейін себіледі.

Биылғы қауырт маусымда Петропавлды қардан 11 кәсіпорын тазартатын болады. Әкімдік өкілдерінің сөзінше, шаруаға олар сақадай сай.

 

Саят Ермек