Спорт

Тартысты матч тең аяқталды

«Qyzyljar» футбол клубы шығысқазақстандық Алтаймен тең ойнады. Қарасай стадионында өткен кездесу 0-де 0 есебімен аяқталды. Осылайша қос ұжым да қоржындарына 1 ұпайдан салды. Қазір теріскейлік команда турнирлік кестенің көшбасында тұр. Біріншілікте алғаш рет чемпион атанып, премьер лигаға тікелей жолдама алу үшін қалған қос матчта ұпай жоғалтпау қажет.

Қызылжарлықтар турнирлік кестенің 1-ші орнында тұр. Бүгінгі матч олар үшін өте маңызды. Себебі Алтай құрамасы 3 ұпай айырмашылығымен артта келе жатқан басты бәсекелесіміздің бірі. Сол үшін жерлестеріміз қателік жібермеу керек. Мұны жақсы білетін теріскейліктер ысқырық шалынысымен алға ұмтылды. Олар алғашқы таймның басым бөлігін шабуылмен өткізді. Алайда шығысқазақстандықтар қорғаныста сауатты ойнап, гол соғуға мүлде мүмкіндік бермеді. Осылайша бірінші тайм тең аяқталды.

– Бірінші таймда өте жақсы ойын көрдік. Бірақ өкінішке қарай «Qyzyljar» командасы гол соға алмады.


– Егер осы ойынды ұтатын болсақ премьер лигаға шықтық деп есептей беруімізге болады. Өйткені «Алтай» құрамасы 3-ші орында тұр. Сол үшін бүгінгі матчты тек қана жеңіспен аяқтауымыз керек.

Ойынның екінші кезеңі де тартысты өтті. Екі қоманда да бір-бірінің қақпасына гол соғу үшін барларын салды. Мысалы, теріскейліктер сапынан Шота Григалашвили өте белсенді болды. Бірақ, оның тепкен доптары көздеген жерге дарымады. Сонымен есеп – 0-де 0. Кездесуде есеп ашылмады.

Али Алиев – «Qyzyljar» ФК бас жаттықтырушысы:

– Ойыншыларға ешқандай сын айтпаймын. Біздің команданың футболшылары жақсы өнер көрсетті. Бірақ доп қақпаға қанша рет бағытталғанымен дарымады.

Бұл ойында «Qyzyljar» командасының ойыншылары жеңіске жетпесе де, турнирлік кестедегі 1-ші орынды сақтап қалды. Чемпионатты ұту үшін жерлестеріміз тағы 2 матч өткізіп, жеңіске жетулері тиіс. Келесі ойынды олар қазанның 27-сі күні сырт алаңда Түркістан облысының «Академия Оңтүстік» құрамасына қарсы өткізеді.

 

 

Бердимурат Баймухан