МТРА жаңалықтарыБалалар

Стартапшылардың байқауы өтті

Білімді және болашаққа сеніммен қарайтын жеткіншектер. Жексенбі күні қалада стартапшылардың байқауы өтті. Онда мектеп оқушылары өздерінің әлеуметтік және бизнес жоспарларын қорғады. Шараға 90 үміткердің арасынан іріктеліп алынған 10 жоба авторы қатысты.

Бұл жерде отырған жеткіншектердің барлығы – мектеп оқушылары. Олардың алға қойған жоспарлары ауқымды. Әрқайсысы келешекте кәсіппен айналысқысы келеді. Талапты жастардың басын қосқан – петропавлдық кәсіпкер Вячеслав Ким. Ол осыған дейін мектептерді аралап, келешекте өз кәсібін ашқысы келетін оқушылармен танысып, тренинг жұмыстарын жүргізіпті. Іскер азамат бұл байқауды жеткіншектердің бизнес идеяларына серпін беру мақсатында жасап жатырмын дейді.

Вячеслав Ким – кәсіпкер:

– Мен 2 аптадан бері қаланың барлық мектептерін аралап, 9-10 және 11-ші сыныптардың оқушыларымен кездестіп, тренинг жүргіздім. Мұндағы мақсат – балалардың арасында кәсіп бастағысы келіп жүрегендерге жол көрсетіп, оларды қолдау. Байқауға қатысуға 90 оқушы өтініш берген болатын. Бүгінгі ақтық кезеңде арасынан 10 жеткіншек әлеуметтік және бизнес идеяларын қорғайды. Шара соңында 2 оқушының жобасына өз атымнан 200 мың теңгеден қаржылай көмек беремін.

Сәния Сүлейменова қаладағы мектептердің бірінде 10-шы сыныпта оқиды. Ол бүгінгі шараға «Әдебиеттік бренд» деп аталатын жоспарын алып келіпті. Бұрымды күнделікті киетін киімдерге танымал ақындардың өлең жолдарын басумен айналысқысы келеді екен.

Сәния Сүлейменова – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Мен Абай, Мағжан Жұмабаев, Мұқағали Мақатаев секілді ақындарымыздың өлең жолдарын басып шығарғым келеді. Ол полиграфиялық жолмен принтер арқылы жасалады.

Ал Анастасия Тонконогова қалалық 40-шы мектепте оқиды. Ол әлеумет арасындағы жаман әдеттермен күресуге бағытталған қоғамдық қозғалыс құрғысы келетінін айтты.

Анастасия Тонконогова – қалалық №40 орта мектебінің оқушысы:

– Мен жастарға салауатты өмір салтын насихаттағым келеді. Темекі тарту, арақ ішу сияқты зиянды әдеттерді жеңу туралы бейнеролик жасап әкелдім. Мәселен, бір кісі шылым шегіп келе жатса, мен оған темекіні тастауды сұрап, оның орнына шырын ұсынамын.

Жиын соңында жобалар байқауының жеңімпаздары белгілі болды. Әлеуметтік бастамалар арасында қалалық 40-шы мектептің оқушысы Анастасия Тонконогова үздік атанды. Ал бизнес бағыты бойынша «ЛОРД» мектебінің шәкірттері жеңіс жетті. Олар сый қораптарын әзірлеумен айналысқылары келеді.

 

 

Бердимурат Баймухан