Қоғам

Облыс орталығында жүзім фестивалі өтті

Дастарханға ұлттық тағамдар қойылып, ән шырқалып, би биленді. Петропавлда алғаш рет жүзім фестивалі ұйымдастырылды. Бұл – армян ұлтының ежелден бері келе жатқан мерекесі. Оны тойлауға үлкен де, кіші де ат салысты.

Ұлттық музыка, тағамдар, би мен вино. Қаладағы Достық үйінде алғаш рет жүзім фестивалі өтіп жатыр. Оны «Кентрон» армян мәдениеті орталығының өкілдері ұйымдастырыпты. Бұл шараның маңыздылығы жоғары екен. Сондықтан да фестиваль Арменияда әр жыл сайын дәстүрлі түрде ұйымдастырылып тұрады.

Светлана Малхасян – «Кентрон» армян мәдениеті орталығы төрағасының орынбасары:

– Биыл фестивалді біздің қаламызда өткізуді жөн деп таптық. Шараның өзіндік ерекшеліктері бар. Оны қысқаша түсіндіре кетейін. Жүзім жиналған сәтте міндетті түрде аластатылуы қажет. Мұндай іс шіркеу маңында жүргізіледі. Кейін, сол нысан маңында дастархан жайылып, мереке басталады. Шараға еңкейген қарттан бастап, еңбектеген балаға дейін қатысады, ән салады, би билейді.

Фестиваль бар сән-салтанатымен өтіп жатыр. Оған үлкен де, кіші де бір кісідей ат салысуда. Армян ұлтының өкілдері келешекте шараның ауқымын кеңейтуге ниетті. Осылайша олар жастарға ұлттық мерекелерді таныстырғысы келеді.

Гоара Абрамян – «Кентрон» армян мәдениеті орталығының өкілі:

– Мен Қазақстанда туылдым, осында бой жеттім. Сондықтан да менің Отаным – Қазақстан. Бірақ, біз өзіміздің тілімізді, салт-дәстүрімізді білеміз және құрметтейміз. Атажұрттан алыс болсақ та басқа да ұлттық құндылықтарымызды жақсы білеміз. Мұны бізге ата-анамыз бала күнімізден бері үйретіп келеді.

Жалпы, жүзім фестивалі – армян ұлтының ежелден бері келе жатқан мерекелерінің бірі. Мұнда көпшілікке долма және чурчхела таратылуы тиіс. Сонымен қатар, вино да ұсынылуы керек екен. Бүгінгі кеште ұлттық әндер шырқалып, билер де орындалды.

Култанов Байболат