Аптадағы маңызды жаңалықтар

Қоғамдық көлік мәселесі шешіле ме?

Шаһар көшелері үлкен қоғамдық көліктер үшін қарастырылмаған. Сондықтан, алдағы уақытта да автобус паркі кішкентай машиналармен толығатын болады. Бұл туралы бүгін қалалық қоғамдық кеңес отырысында айтылды. Жиында автобустардың тазалығы сын көтермейтіні туралы да айтылды.

Қалалық қоғамдық кеңесінің құрылғанына – 4 жыл. Ұйым жұмысын бастағалы бері күн тәртібінен түспейтін бір сұрақ бар. Ол – айта-айта жауыр болған автобустардың жайы. Халық шағымданады, өтініштерді кеңес мүшелері қарастырады. Алайда, айтарлықтай өзгеріс орын алмайды. Қоғамдық көліктердің саны ғана болмаса, сапасы баяғыша қуантпайды. Машиналар ескі, оған қоса лас. Бірақ, оны шенеуніктер қайдан білсін. Темір тұлпар тізгіндеп жүргендіктен де олардың проблеманы шешуге ниеттері жоқ дейді кеңес мүшесі Бейбіт Мұстафина.

Бейбіт Мұстафина – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

– 27-бағытта жүретін автобустардың іші тар. Орындықтардың жартысын жинап тастаған. Отыратын жер жоқ. Артында бірнешеуі ғана тұрмаса, қалғанының көзін құртыпты. Автобустар мүлде жиналмайды, жуылмайды. Діттеген жеріңе жеткенше үсті-басың кір болады. Бұл не деген сұмдық?

Бақыт Ілиясов – қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының міндетін атқарушы:

– Сіз айтқан бағыттарға «Аврора транс сервис» серіктестігі жауапты. Біз жағдайдан хабардармыз. Оларға әрбір автобус бойынша ескерту берілді. Егер уақытылы түземейтін болса, олармен арадағы келісім шартты бұзамыз.

Алайда, бұл арада бір гәп бар. Ертең келісімшарт бұзылса, 14,27-бағыттарда кім жұмыс істейді? Әкімдіктегілердің айтуынша, ниеті тасып тұрғандар жоқтың қасы. Сондықтан да мамандардың қолдары байлаулы көрінеді. Кеңес мүшелері неге кішкентай автобустар сатып алына береді деген сауал тастады. Таң мен кешке жұртшылық сығылысып барады. Кейбірі тіпті қоғамдық көлікке сыймай жатады. Ал, біз болсақ, ескі тар машиналарды жаңаларына ғана ауыстырамыз. Сөйтсек, ұзын автобус шаһардың көшелерінде жүре алмайды екен. Шағымданғандарға Бақыт Ілиясов осылай жауап қатты. 10-15 жыл троллейбустардың қалайша қатынағаны барша жиылған қауым үшін құпия болып қалды. Ал, электрондық билет мәселесі шешіліп жатыр ма?

Қайрола Ғалеев – Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:

– Ертең «Қазинтерсофт» компаниясының өкілдерімен жүздесеміз. Мамандармен келіссөздер жаздан бері жүргізіліп жатыр. Алдағы жиында қала басшылығы жобаның егжей-тегжейін талқылайтын болады.

Электрондық билеттің ауылы алыста емес, қысқаша айтқанда. Кеңесте қарастырылған келесі мәселе апаттық баспаналарды сүру жұмыстарына қатысты. Бүгінде шаһарда 16 көпқабатты және 134 тозығы жеткен жер үй бар. Нысандар дені өткен ғасырдың 50-ші жылдары тұрғызылыпты. 2017-ден бері олар біртіндеп сүрілуде. Алдағы уақытта бұл шаруа жалғасын табады деді мамандар.

Эльмира Садвокасова