Құқық қорғау органдары

«Автобус» жедел-алдын алу шарасы өз мәресіне жетті

Республикалық «Автобус» жедел-алдын алу шарасы өз мәресіне жетті. Нәтижесінде өңірде автобус жүргізушілері тарапынан мыңға жуық тәртіп бұзу фактісі тіркеліпті.

Жиында автобус жүргізушілері жол қауіпсіздігі ережелеріне тұрғындардың көпшілігінің немқұрайлы қарайтынын алға тартты. Мәселен, жаяу жүргіншілер жолдан құлаққап киіп алып немесе телефонға телміріп өтеді екен. Мұндай әрекет кез келген ауа райында көшедегі апатқа әлеп соқтыруы әбден мүмкін. Жүргізушілер кейбір жерлерге жол белгісін қою қажеттігін де қаперге салды.

Сергей Девятков – автобус жүргізуші:

– Мен Батыр Баян және Интернационал көшелері қиылысындағы бағдаршамдағы түстердің жану ретін реттеуді сұрадым. Өйткені, менің ойымша ол маңдағы жол белгісі дұрыс жұмыс істеп тұрған жоқ.

Сондай-ақ, жиынға қатысушылар алдағы уақытта аялдамалардың алдына құм себу керек екенін айтты. Өйткені, жер қатып, қар түскеннен кейін автобус аялдамаларының алды көктайғаққа айналады.

Азамат Жамұқов – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы:

– Шара барысында автобус жүргізушілерінің тарапынан біраз сұрақтар келіп түсті. Олардың көбісі қаладағы жол қозғалысын реттеу және аялдамалардың маңына қысқы кезеңде құм төсеу туралы болды. Қаралған мәселелер бойынша тиісті шаралар қолданылатын болады.

Жалпы, 8 күннің ішінде өңірде автобус және маршрут жүргізушілерінің тарапынан 956 тәртіп бұзу фактісі тіркеліпті. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

 

Бердимурат Баймухан