Құқық қорғау органдары

«Жолда қабылдау» республикалық акциясы өтуде

Жол жабындысының жағдайы, бағдаршам мен белгілер қою. Қала тұрғындары полиция қызметкерлеріне келіп, базыналарын айтты, толғандырған сұрақтарына жауап алды. Өңірде «Жолда қабылдау» атты республикалық акциясы өтіп жатыр.

Биыл «Жолда қабылдау» республикалық акциясы 7-ші мәрте өткізіліп отыр. Қабылдау барысында тәртіп сақшылары тұрғындардан келіп түскен түрлі сауалдарды тыңдап, тұшымды жауап беруде.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚБ аға инспекторы:

– «Жолда қабылдау» республикалық акциясы облыс бойынша өткізілуде. Мұнда жол, көші-қон және әкімшілік полиция қызметі бойынша туындалған сұрақтарға жауап беріледі.

Евгений Мурыгин «Автоклуб Петропавл» қоғамдастығының атынан келіп отыр. Оның айтуынша облыс орталығында автошабандоздарға арналған жаттығу алаңы жоқ. Ал, қала ішінде түнде де жоғары жылдамдықпен жүруге болмайды, оған қоса мотордан шыққан қатты дыбыс тұрғындардың мазасын алмай қоймайды. Евгений алдағы республикалық және халықаралық жарыстарға дайындалу үшін тәртіп сақшыларынан осы мәселе бойынша кеңес сұрап келіп отыр.

Евгений Мурыгин – автошабандоз:

– Мен автоспорттың «жоғары жылдамдықпен мәнерлеп жүру» және «ралли-спринт» түрлерімен айналысамын. Қала атынан үнемі республикалық, халықаралық жарыстарға қатысып жүрмін. Жарысқа дайындалу үшін арнайы бөлінген алаң жоқ. Полицейлер бұл мәселені шешуге көмектесетіндерін айтты.

Жалпы, “Жолда қабылдау” акциясы 13 полиция пунктінде 2 күн бойы өтетін болады. Тәртіп сақшылары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша сағат таңғы 9-дан кешкі 17:00-ге дейін қабылдамақ. Тағы, өңір жұртшылығы полиция департаментінің «Facebook», «Instagram» парақшаларында жүргізілетін тікелей эфирінде де өз сауалдарын қоя алады. Сондай-ақ, экранда көрсетілген CALL-орталық және «WhatsApp» жедел желісі арқылы да сұрақ жолдауларына мүмкіндіктері бар.

 

Бердимурат Баймухан