Ауыл шаруашылығы

Күзгі көкөніс жинау жұмыстары

Есіл ауданындағы кәсіпкер картоп, қырыққабат және қызылша өсірумен айналысады. Биыл іскер жан 110 гектар жерге тұқым сіңіріп, 430 тоннадан астам өнім алды. Қазіргі күні шаруа қожалығы жиналған көкөністерді іріктеп, өңіріміздің түкпір-түкпіріне жөнелтуде.

Өнімнің барлығы теріліп біткенімен «Тамаша» шаруа қожалығында қызу тірлік әлі жалғасуда. Өйткені, жиналған көкөністі күн суып кетпей тұрып тез арада іріктеп, қоймаға кіргізу керек.

Александр Кондратьев – «Тамаша» ШҚ басшысы, Николаевка ауылы, Есіл ауданы:

– Біздің шаруа қожалығымыз 97-ші жылы құрылды. Содан бері картоп, қырыққабат сияқты көкөністерді өсірумен айналысамыз. Биыл өнім толықтай жиналды. 1 гектардан – 35 тоннадан астам картоп, 40 тонна қырыққабат жинадық. Ал 150 гектарға егілген арпа дақылы 21 центнер астық берді.

Сонымен қатар, кәсіпкер биыл 1 гектар қызылша да отырғызыпты. Қазір бұл жерде 20 адам еңбектенуде. Олардың 5-уі өнімді жинап, тасумен айналысады. Ал қалғандары болса оларды іріктеп, қоймаға орналастырады. Сергей Кузнецовтың мұнда жұмыс істеп жатқанына 20 жыл болыпты.

Сергей Кузнецов – «Тамаша» ШҚ механизаторы, Николаевка ауылы, Есіл ауданы:

-Мен мұнда механизатор болып еңбек етемін. Қазір техниканың құлағында барлығы 5 адам бар. Жер қазу, тұқым егу, оны жинап тасудың бәрі – біздің мойнымызда. Жұмысым өзіме ұнайды.

Сондай-ақ, мұнда көрші ауылдан келіп-кетіп жұмыс жасайтын жандар да бар. Бұл ретте оларға барлық жағдай жасалған. Арнайы көлік қызметкерлерді таңертең ерте жұмысқа алып келіп, күн соңында үйлеріне апарып отырады. Арман Сатыбалдина бұл жерге Қаратал ауылынан келеді.

Арман Сатыбалдина – «Тамаша» ШҚ қызметкері, Есіл ауданы:

-Біз көкөністердің үлкені мен кішілерін іріктейміз. Машина күнде таңертең жұмысқа әкеліп, кешке үйге апарып отырады.

Көкөністердің барлығы мына қойманың ішінде сақталады. Оған 300 тонна өнім сыяды. Кәсіпкер бүгінгі күні өз тауарларын теріскей өңірінің түкпір-түкпіріне жөнелтіп отыр. Бағасы да қолжетімді көрінеді. Мәселен, қала базарларында “Тамаша” шаруа қожалығы картобының бір келісін – 50, ал қырыққабатты 80 теңгеге сатып алуға болады.

 

 

 

Бердимурат Баймухан