Аптадағы маңызды жаңалықтар

19 қазан – Құтқарушылар күні

19 қазан – Құтқарушылар күні. Еліміздің төтенше жағдайларға қарсы қызметінің құрылғанына 24 жыл толып отыр. Осыған орай облыс орталығында мерекелік шара өтті.

Салтанатты шараның ашылуында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Руслан Әлішев жиналғандарды төл мерекелерімен құттықтады. Ол құтқарушылардың күн сайын әр сағатта атқаратын қиын істерінің маңыздылығына тоқталды. Қандай да бір апаттан жыл сайын дәл осы мамандардың көмегімен мыңдаған адам ажалдан аман қалады.

Руслан Әлішев – облыс әкімінің орынбасары:

– Сіздердің кәсіптеріңіз өжеттілік пен шапшаңдықты талап етеді. Өйткені, адам өмірі мен денсаулығы осы қасиеттерге тікелей байланысты. Адал қызметтеріңіз үшін сіздерге көп рахмет.

Төтенше жағдайлар қызметінің мамандары тәртіп сақшыларымен бірге күніге тұрғындардың қауіпсіздігі мен тыныштығын қамтамасыз етуде жұмыс атқарады. Олар жыл сайын шамамен 1600-ден астам шұғыл шақырылым бойынша шығады. 2,5 мың адамды төтенше жағдай аймағынан құтқарып, 300-ге жуық алғашқы медициналық жәрдем көрсетеді. Бүгін сол жандардың адал да, қажырлы еңбегі еленіп, бірқатар азаматқа Алғыс хаттар мен төсбелгі табысталды. Марапатталғандардың қатарында Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Жұлдыз Есенғазин де бар.

Жұлдыз Есенғазин – Есіл аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы:

– Алған марапатыма қуаныштымын. Бұл медаль жеке маған ғана емес, жалпы біздің ауданның гарнизон қызметкерлеріне беріліп отыр деп білемін. Бұл барлығымыздың жұмыла атқарған еңбегіміздің нәтижесі деп ойлаймын.

Саян Ғалымжанов 2017 жылдан бері жедел-құтқару жасағында қызмет атқарып келеді. Жас маман 2-3 жылдың ішінде 500-ге жуық құтқару шарасына қатысыпты. Қайсар жан атқарып жүрген адал еңбегі үшін бүгін ерекше қошеметке бөленіп отыр.

Саян Ғалымжанов – қалалық өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бас құтқарушысы:

– Адамдарды құтқару жақсы мамандық деп есептеймін. Бұл біздің қоғамға өте пайдалы. Сол үшін осы қызметке келдім. Адамдарды, от, су, қар апаттарынан құтқарамын.

Жалпы, жиын барысында 40-тан астам қызметкер марапатқа ие болды. Шара соңы мерекелік концертке ұласты.

 

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан