МТРА жаңалықтарыҚоғам

Жыл басынан азық-түлік шамамен 6 пайызға қымбаттаған

Күз келіп, ала жаздай өсірген өнім жиналса да өңірде бірқатар жемістер мен көкөністердің бағасы шарықтап тұр. Күнкөріске қажетті картоп, пияз бен сәбіз сынды тауарлардың құны әсте арзан емес. Жалпы, жыл басынан азық-түлік шамамен 6 пайызға қымбаттаған. Бұл жайлы бүгін облыс статистиктері айтты. Мамандар 2019-дың 9 айындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын қорытындылады.

Мамандардың айтуынша СҚО-да бір айда кем дегенде 30 085 теңгеге күн көруге болады. Бұл – қыркүйектегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің мөлшері. Өңір халқының жартысынан астамы ауылдық жерде тұрады. Дегенмен, қалаға қарағанда сол ауылда өмір сүру сәл қымбаттырақ дейді статистиктер.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Облыстың аудан орталықтары бойынша ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы – 30 510 теңге, ал Петропавл бойынша – 29 420.

Бағаның белсенді шарықтап жатқанын ескерсек, бұл сомаға күн көру мүмкін бе? Статистиктердің сөзінше, бір ғана азық-түлік жыл басынан шамамен 6 пайызға қымбаттаған. Мәселен, күнкөріске қажетті ұн мен күріштің құны орта есеппен 20 пайызға өсіпті. Өзге де жармалардың, макарон мен кондитер өнімдерінің бағалары да қалтаны қағады. Десе де, күз келісімен, әдеттегідей, қияр мен қызанақ арзандады. Алайда, бұқара күнделікті тұтынатын кейбір көкөністердің құны әлі де шарықтап тұр.

Қуанышбек Қалижанов – СҚО статистика департаменті басшысының орынбасары:

– Пияз – 26,8, сәбіз – 18,1, ақ қауданды қырыққабат – 15,4 пайызға қымбаттады. Картоптың бағасы 19,5 пайызға көтерілді. Жас жемістер 2,4 пайызға қымбаттады. Соның ішінде, банан – 22,4, ал алмұрт – 9,7 пайызға.

Саят Ермек – тілші:

– Азық-түлік қана қымбаттамаған. Өткен 9 айда кеңсе тауарлары, құрылыс материалдары, киім-кешек пен дәрі-дәрімектің бағасында да өсім байқалады. Ол-ол ма, тұрмыстық химия мен гигиеналық құралдар да жыл басынан шамамен 3 пайызға қымбаттаса керек. Дизель отыны мен бензин аз да болса арзандапты. Ал жыл басында төмендеген коммуналдық қызметтердің құны сол қалпы, өзгеріссіз қалған.

Бағалар бойынша жағдай түсінікті болса, жалақының жайы әзірге белгісіз. Статистика департаменті 9 айдағы орташа айлықты есептеп үлгермепті. Мамандар солтүстікқазақстандықтардың некеге тұру көрсеткішінің төмендегенін айтуда. Ал қуантары, ажырасулардың саны былтырғыға қарағанда кеміпті. Миграциялық жағдай болса мәз емес. 8 ай ішінде теріскейден 9 мыңдай адам көшіп кетсе, 5300-дейі көшіп келген.

 

 

Саят Ермек