Спорт

“Qulager” ХК “Теміртау”-дан жеңіліс тапты

“Теміртау” хоккей клубымен өткен алғашқы кездесу 2 де 3 есебімен аяқталған болатын. Ал кеше жергілікті құрама теміртаулық ойыншылармен қарымта матч өткізді. Ойында сүйікті құрамасын қолдауға келген көрермендердің қарасы қалың болды.

Қарымта кездесуде теріскейлік хоккейшілердің аяқ алысы жаман емес. Тартыс тең дәрежеде өрбуде. Жергілікті имек таяқ шеберлері өткен жолғы қателіктерін қайталамас үшін әр қадамын аңдап басуда. Есеп, әзірге 0 де 0.

Көп ұзамай ойынның екінші периоды да басталды. Бұл кезеңде құлагерліктер ширақ қимылдап, шабуылдар санын арттырды. Дегенмен, ойынның аяқталуына 1 минуттан аз уақыт қалғанда айдын қонақтары есеп ашты. Алғашқы шайба жанкүйерлердің еңсесін түсірген жоқ. Теріскейліктер жерлестерінің жеңіске жететініне сенім бар дейді.

– Соңғы кезде жеңіске жету қиын болып кетті. Мұнда біреуден кінә іздеудің қажеті жоқ. Ойыншыларға тек сәттілік жетіспей тұр.

– “Qulager” жеңеді деген ойдамын, бірақ әлі де дұрыс шабуылдар жоқ.

– Бүгінгі кездесуге хоккейшілердің дайындалғаны көрініп тұр. Алда әлі 3-ші период бар. “Qulager” бүгін жеңіс сыйлайды деп ойлаймын.

Ойынның соңғы периоды әлдеқайда қызық болды. Дәл осы кезеңде ойыншылар құлады, қуылды, ал имек таяқтары сынға шыдамай, қаққа бөлінді. Бұл да ойынның қаншалықты қызу өрбігенін білдіреді. Көп ұзамай еңбек өз нәтижесін берді, көптен күткен шайба соғылды.

1 минут өте сала жергілікті ойыншылар тағы қарсыластарынан айласын асырып, есепте басымдылық танытты. Голды 15-ші нөмірлі Максим Первухин соқты. Бірақ, көрермендердің қуанышы көпке созылмады. Араға көп уақыт салмай таблодағы есеп теңелді. Кейін тағы “Qulager”-дің қақпасына теміртаулықтар 2 бірдей шайбаны дарытты. Ал кездесудің аяқталуына 2 минут қалғанда жергілікті команда қарсыластарына тағы бір гол салды.

Осылайша Денис Стасюк көрермендерге жеңіске деген үміт сыйлағанымен, ұтуға уақыт жетпейтін сыңайлы. Амалсыздан Олег Гущин қақпашыны шақырып алып, орнына тағы бір ойыншы қосты. Бірақ, бұл тәсіл нәтижесін бермеді. Теміртаулықтар “Qulager”-дің бос қалған қақпасына кезекті шайбасын бағыттап, есепті еселей түсті. Сонымен, қарымта кездесудің нәтижесі – 3 те 5.

Максим Первухин: “Qulager” ХК шабуылшысы:

 – Ойыншыларға сәттілік жетіспеді. Қарсылас осал құрама емес, ойын барысы тең дәрежеде өрбіді деп айта аламын. Қателік негізі бізден кетті. 3-ші кезеңде есепте басым түстік деп босаңсып қалдық. Дәл осы сәтті теміртаулықтар ұтымды пайдаланып кетті.

Қазір теріскейлік команда 14-ші ойынның қорытындысы бойынша турнирлік кестеде 8-ші орында тұр. Енді жергілікті хоккейшілер қазанның 21-і мен 22-сі өскемендік “Алтай Торпедо”-ны қабылдамақ.

Актолкын Солтанханкызы