Балалар

“Nur Otan” мүмкіндігі шектеулі балаларға арнап қызықты шара ұйымдастырды

Робот құрастыру мен сурет салу. Мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған “Арман” орталығының тәрбиеленушілері осыны үйренді. Нұротандықтар тірек-қимыл аппараты бұзылған жеткіншектерге арнап қызықты шара ұйымдастырды.

Нағыз роботты балалар ерекше ынтамен құрастыруда. Өйтпегенде ше? Құлтемірді өз қолдарымен олар өмірлерінде алғашқы рет жасап жатыр. Сондықтан болар, қай бөлшекті қайда орнату керектігін біле бермейді. Алайда, НЗМ ұстаздары көмекке әзір. Жарты сағаттық жұмыстан соң шағын лего-робот үстел үстімен жүйіткіп жүр, жеткіншектер мәз-мейрам.

Сандуғаш Молдағалиева – “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының тәрбиеленушісі:

– Бұл жүретін, жұмыс атқаратын робот. Маған бәрі ұнады. Инструкцияға қарап, досыммен бірге құрастырдым.

Ал көрші үстелде – нағыз шығармашылық процесс. Қыздар гипс мүсіндерді бояуда. Қылқаламмен қалай жұмыс жасау керектігін кәсіби суретші Әлия Мұқышева түсіндіріп жатыр. Әлемге әйгілі фантастикалық фильмнің сүйкімді кейіпкерін балалар бірден таныды.

Анастасия Шмидт – “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының тәрбиеленушісі:

– Бұл – “Стражи галактики” фильміндегі Грут есімді ағаш. Ол менің сүйікті кейіпкерім. Аппақ гипс мүсінді осындай әдемі дүниеге айналдырдым. Оны бізге сыйға тартты. Енді ішіне әшекей бұйымдарым мен ұсақ-түйек запттарды салып қоямын.

Бұл балғындардың бәрі ақылды әрі білімқұмар. Алайда, әрқайсысының туғаннан тірек-қимыл аппараты бұзылған. Жеткіншектер “Арман” деп аталатын интернатқа барады. Осында емделеді, сапалы білім алады.

Татьяна Лузакова – “Арман” Петропавл әлеуметтік қызмет көрсету балалар орталығының директоры:

– Орталықта бүгінде 19 бала тұрады. Бізде олар сауықтырудан өтсе, орта білімді кәдімгі мектепке барып алады. Яғни, сау қатарластарымен бірге бір сыныпта оқиды. Кейін колледж-университеттерге түсу мүмкіндігі де бар. Отбасын құрып, қызметте табыстарға жеткен түлектеріміз жететін. Балаларымыз ашық, кез келген адаммен еркін тіл табысып кете алады, толыққанды өмір сүруге деген ынталары жоғары.

Кішігірім мерекені “Nur Otan”-ның өңірлік филиалы ұйымдастырып отыр. Орталыққа қонаққа жиі келіп тұрамыз дейді олар. Мүгедек балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу мақсатында бас партия “Кедергісіз келешек” жобасын жүзеге асыруда. Сөздерінше, әлеуметтік мәртебесіне қарамастан олар қоғамның толыққанды мүшесі екенін сезінулері тиіс.

Кеңес Мұқышев – “Nur Otan” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:

– Осындай іс-шаралар арқылы мүмкіндігі шектеулі балаларға кәсіптік бағдар беріледі. Түрлі шеберлік сағаттарын ұйымдастыра отыра оларға болашақта кім болғысы келетінін анықтауда көмектескіміз келеді. Жарымжан жеткіншектер де сау балғындар сияқты жарқын болашаққа лайықты.

Сурет салу мен робототехникадан шеберлік сыныптары нұротандықтардың жалғыз сыйлығы емес. Орталыққа су жаңа принтер де тарту етілді. Ұл-қыздардың көңілін аниматорлар да көтерді. Олармен бүгінгі әр балғынға танымал “Барбоскины” мультфилмінің кейіпкерлері асыр салып ойнады.

 

 

 

 

Саят Ермек