Балалар

«Мен әлемді естимін» атты ашық есік күні өтті

Қарттар мен мүгедектерді қолдау айлығы аясында іс-шаралар легі жалғасуда. Бүгін Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатында «Мен әлемді естимін» атты ашық есік күні өтті. Шараға 40-қа жуық мектеп оқушысы мен студент қатысты.

Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернаты 75 жыл бұрын құрылған. Қазіргі кезде мұнда 100-ден аса оқушы тәлім алуда. Бұл жерде балалардың есту кемістігін түзетумен қатар, білім беруде арнайы әдіс-тәсілдерді қолдану арқылы мектеп пәндері оқытылады.

Жеңіс Әбілмәжін – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының директоры:

– Ашық есік күні аясында бізде дефектолог, сурдоаудармашы сияқты мамандар шеберлік сағаттарын өткізеді. Сондай-ақ, биыл мектеп базасында ерекше балаларға арналған театр құрылды. Оған осы жерде тәлім алып жатқан оқушылар қатысады. Өнерлі жеткіншектер еліміздің әр түрлі қалаларына гастрольдік сапармен барып, концерт қояды.

Мына кабинеттегі маман оқушылардың есту қызметін түзеумен айналысады. Қазір ол өзінің кезекті қабылдауын жүргізуде. Алдымен балаға құлаққап кигізіледі. Кейін осындай үндестік құрылғысы арқылы түрлі толқындағы дыбыстарды естітеді. Сол арқылы әр тәрбиеленушінің есту қабілетіне сай жеке бағдарлама әзірлейді.

Ал мына кабинеттің ішінде құлағының мүкісі бар балаларға ишарат тілі үйретіледі. Қазіргі күні әлем бойынша ым арқылы сөйлесетін тілдің 120-ға тарта түрі бар екен. Олардың барлығы бір-бірінен ерекшеленеді. Мәселен, «Сәлем» деген сөзді қазақша көрсету үшін алақанды кеудеге қою керек. Ал халықаралық ишарамен айту керек болса, жұдырықты алдымен маңдайға, кейін иекке тигізеді екен.

Сондай-ақ, тәрбиеленушілердің бәрі осындай сыныптардың ішінде мектеп пәндерін оқиды. Жеткіншектер басқа оқушылар сияқты қазақ, орыс және ағылшын тілдерін меңгереді. Олар есту кемістігіне қарамастан адамның не айтып тұрғанын еріннің қимылдауынан-ақ байқап түсіну қабілетіне ие. Бұны да осы білім ошағында үйретеді екен.
Уәлихан Қайырбековтің 2-ші сыныпқа дейін денсаулығында ешқандай ақау болмаған. Бірақ, тұмау тиген кезде дәрігерлер еккен күшті антибиотиктердің салдарынан сап-сау жүрген бала есту қабілетін жоғалта бастапты. Жеткіншек басына түскен сынаққа қарамастан білім алуға өте құштар.

Уәлихан Қайырбеков – Есту кемістігі бар балаларға арналған облыстық арнайы мектеп-интернатының оқушысы:

– Мен 9-шы сыныпта оқимын. Маған алгебра мен геометрия пәндерін оқыған ұнайды. Және футбол ойнағанды жақсы көремін, онымен айналысқаныма 5 жыл болды. Болашақта Рональдинио сияқты атақты футболшы болғым келеді.

Жалпы, ашық есік күніне 40-қа жуық мектеп оқушысы мен студент қатысты. Шара соңы Абай атамыздың 175 жылдығына арналған мерекелік концертке ұласты.

 

 

 

Бердимурат Баймухан