Білім

Итальян тілі мен мәдениеті орталығы ашылды

Студенттер үшін ағылшын, неміс тілдерінен өзге енді итальян тілін меңгеру мүмкіндігі туды. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-да итальян тілі мен мәдениеті орталығы ашылды.

Орталыққа студенттер ғана емес, жоғары сынып оқушылары да келе алады. Оларға итальяндық Людовико де Серио дәріс береді. Маман орыс тілін өз елінде қосымша сабақтарға барып, өз бетінше үйренген екен. Кейін, Ресейде сабақ берген Людовиконі жергілікті университет басшылығы арнайы шақыртқан екен.

Людовико де Серио, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ итальян тілі курсының мұғалімі:

– Өзім итальян тілі курсын алғаш өткізбекшімін. Дегенмен, келем деушілерге бұл тілді меңгеру оңай болады деп айта аламын. Мұнда орыс тіліне қарағанда сөйлемнің құрылымы да, етістіктері де өзгеше келеді.

Итальян тілі – әлемдегі ең танымал тілдердің бірі. Соңғы зерттеулерге сәйкес ол ағылшын, француз, испан тілдерінен кейін төртінші орынды иеленеді екен. Осы орайда жергілікті студенттерді атап өтсек болады. Бүгінгі күні “Академиялық ұтқырлық” бағдарламасы бойынша теріскейлік 12 ұл-қыз Италияда білім алып жатыр. Жастар тілді өздері меңгеріпті.

Гвидо Аморетти, Генуи университетінің профессоры, Италия Республикасы:

– Қазақстан – жас әрі дамушы мемлекеттердің бірі. Қазіргі күні бұл елдің білім саласында айтарлықтай жетістіктер бар. Студенттерінің өзі біздің университетімізге академиялық ұтқырлық бойынша келіп жатыр. Әрі жыл сайын оған қызығушылық танытатын адамдардың саны артып келеді. Бұл да білім сапасының өскенінің дәлелі.

Айта кету керек, орталық өз жұмысын қазанның 18-і бастайды. Қазіргі күні оған 15 студент қызығушылық танытып отыр. Курстар сейсенбі және бейсенбі күндері сағат кешкі 5-тен 7-ге дейін өтпек.

 

 

 

Актолкын Солтанханкызы