Құқық қорғау органдары

Өңірде “Автобус” жедел-алдын алу шарасы өтуде

Жүргізушілердің дайындығы мен көліктердің техникалық жағдайы – полицейлердің жіті назарында. Қазір бүкіл ел көлемінде республикалық “Автобус” жедел-алдын алу шарасы өтіп жатыр. Оның аясында теріскейлік тәртіп сақшылары 5 күн бойы рейд өткізіп, 500-ден астам заңбұзушылықты анықтаған.

14-ші бағытта қатынайтын маршруттық автобус тәртіп сақшыларының назарына тағы да ілікті. Бұған дейін бірінің іші лас болса, осы жолы артқы жүріс сигналы істен шыққан.

Республикалық «Автобус» жедел-алдын алу шарасы аясында полиция қызметкерлері жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында қоғамдық көліктерді жіті тексеріп жатыр.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚ инспекторы:

– Петропавл қаласының соңғы аялдамаларында рейдтік іс-шаралар жүргізілді. Осы рейдтік іс-шара барысында қоғамдық көлік жүргізушілерінің арасында біршама әкімшілік құқық бұзушылықтар анықталды.

Тәртіп сақшылары 5 күннің ішінде 541 заңбұзушылық фактісін анықтаған. Қоғамдық көліктерді тізгіндегендерге қатысты маневр жасау ережесін сақтамағаны үшін – 88, ал жылдамдықты арттырғаны үшін 64 әкімшілік хаттама толтырылыпты. Көлік құралын заңсыз қайта жабдықтаған 18 адам жауапкершілікке тартылған. Жүргізушілердің арасында рөлде отырып алып, телефонмен сөйлесетіндері көп. Оларға ескерту жасалған.

 

 

 

 

Ешкенова Дана