Аптадағы маңызды жаңалықтар

Өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланды

Шенеуніктің емес, халықтың тілімен сөйлеу керек! Облыстық әкімдік отырысында мінберден сөз алған қарамағындағыларға аймақ басшысы осылай деді. Өңірдің 9 ай ішіндегі әлеуметтік-экономикалық дамуы қорытындыланған жиында құрылыс басқармасы мен аудан әкімдерінің жұмысын Құмар Ақсақалов сынға алды. Жағдай түзелмесе, кей басшылар креслосын босатуы мүмкін.

2019-дың үшінші тоқсаны – артта, атқарылған жұмысты қорытындылар шақ. Өсімдік шаруашылығында өңдеу сол қалпы ақсап тұр. Өңір танаптары биыл әжептәуір өнім берді. Гектар берекелігі 17 центнерге жуықтайды. Ауа райының әсте оң қабақ танытпағанын ескерсек, ел бойынша көрсеткіш ең жоғары.
Десе де, өңір жетекшісінің айтуынша, сол көл-көсір өнім өңделмейді. Қамбадағы астықтың бәрі болмаса да, басым бөлігі экспортқа шикізат түрінде кетіп жатыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өңдеуші кәспорындарды көптеп ашу керек, инвесторларды көптеп тарту керек. Бұл жаңа жұмыс орындары құрылады деген сөз. Қалталы азаматтарға көмектесу қажет қой. Инвестор түрлі проблемаларға кезігіп, уақыт жоғалтады. Кей жағдайда ойлағанын, тіпті іске асыра алмай жатады. Басқармалар мен аудан әкімдері бәрінен хабардар емес пе, сондықтан қолдаңыздар.

Құрылыс саласындағы сылбыр шаруа да әкімнің қатаң сынына ұшырады. 6 бірдей аудан жоспарды орындамаған. Жауапты басқарма қол қусырып отыр. Бәрі тек баяндамаларда ғана әдемі. Бұған Құмар Ақсақалов бірнеше дәйекті мысал келтірді. Театр құрылысы тоқтап тұр, 1 жыл болды университет пен Әскери институтқа жаңа корпустар салып бере алмай отырмыз. Жолдар бойынша да жағдай мәз емес. Әдемілеп жоспар құрамыз, ал оны жүзеге асыруға келгенде батпақтаймыз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ақша бөлініп тұр. Басқа не керек сіздерге? Коммерциялық баспана тұрғызу жайын да талай рет талқыладық. Бірде-бір дайын жобаны алдыма тастаған жоқсыздар. Жобалар қайда? Инвесторлар бар, жерді бөліп тұрмыз. Шайнап берген дүниені жұта алмай отырсыздар. Сіздердің жұмыстарыңызды енді мен атқарайын ба? Аудандар әдемі статистика береді, оны маған оқып мәз боласыздар. Нәтижесі, міне, мынадай.

Жөнсіз жұмыс атқарғандары үшін аудан атқамінерлері жауап берді. Ал құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Владислав Лукинді облыс әкімі орнынан тұрғызып қойып сөкті. Жұмыс неге баяу жүріп, жоспар неге орындалмай жатыр? Шенеуніктің түсініктемесін әкім үй жұмысын орындамай келген мектеп оқушысының ақталуына теңеді. Алдағы айда оң динамика байқалмаса, әңгіме басқа болмақ. Арман Оразғұлов өнеркәсіп пен инвестиция тарту бойынша жағдайды баяндады. Бұл бағытта бәрі бірқалыпты. Ал Құралай Жарова ханымның туризм мен сауда-саттық жайлы есебін әкім сынға алды. Баяндама тек құрғақ сандардан тұрады, анализ жоқ. Қарамағындағыларға Құмар Ақсақалов шенеуніктің емес, халықтың тілімен сөйлеңдер деді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мына көп санның артында не тұр? Бәрін қарапайым тілмен түсіндіру керек қой?! Көрермендер – қарапайым халық “нақты көлем индексі” дегеннің не екенін қайдан біледі? Бұл құрғақ статистика ғана. Ал факті бойынша сауда-саттық көлемі артты ма, кеміді ме? Соны неге айтпайсыз?!

Тағы бір мәселе – кейбір аудандар мен басқармалар бюджет қаржысын игере алмай жатыр. Таяқтың бір ұшы Айыртау мен М.Жұмабаев аудандарының басшыларына тиді. Соңғысында жол жөндеу бойынша мәселе туындауда. Құмар Ақсақалов осы орайда ескертті – қаржыны қалай да болса игереміз деп, күзде асфальт төсеуге рұқсат берген шенділер қатаң жазаланады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Егер осындай жаңбырлы ауа райында жол салатын болсаңыздар, қылмыстық жауапкершілікке тартыласыздар. Одан да ақшаны қазынаға қайтарып беріңіздер. Барлықтарыңызға қайталап айтамын, күзде асфальт төсеу – қылмыс.

Өйткені, сапа – ең бастысы. Салмағы шамадан тыс ауыр жүк көліктерінің жаңадан салынған жолдың жауы екенін де әкім талай рет айтты. Олардың жүруіне тыйым салатын жол белгілерінің болуы керектігін де ескертті. Жауапты ведомство басшысы Владимир Балахонцев белгілер болған, бірақ оларды жиі ұрлап не қиратып кетеді деп ақталды. Жаңаларына тапсырыс беріп те қойдық деді. Басқарма басшылары да, аудан әкімдері де тек ақталуды біледі. Мардымды шаруа да, тиісті бақылау да жоқ деді Құмар Ақсақалов. Сөзінше, атқамінерлер асфальтті қалай болса солай салатын жауапсыз мердігерлерді жазалауға тіпті құлықсыз.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Айыппұлдарды өкіртіп тұрып салу керексіздер! Бірақ, солай жасай алмай отырсыздар. Өйткені, келісім шарттар мердігердің пайдасына жасалған. Олар ойларына келгенді істейді. Жұмысты уақытылы тапсырмады ма – жазалау керек, сапасыз материал төседі ме – жазалау керек. Балахонцевке де, аудан әкімдеріне де осы мәселені бақылауға алуды тапсырамын.

Саят Ермек – тілші:

– Өңір әкімдігі облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуының кестесін жүргізеді. Өткен 9 айдың қорытындысы бойынша Шал ақын, Мамлют, Жамбыл және Есіл аудандары дамуды тежеп, күллі облысты артқа тартып отыр. Бұл 4 ауданның атқамінерлері жарты жылдың қорытындысы бойынша бір рет сөгіс алған болатын. Енді оларды тағы бір тәртіптік жаза күтіп тұр. Құмар Ақсақалов ескертті – қысқа уақытта жағдай түзелмесе, бұл шенділерге лауазымдарын босатуға тура келеді.

Саят Ермек