Спорт

Шаһарда жүгіруден марафон өтті

Ұлттық қауіпсіздік комитеті, жылдам қимылдайтын арнай жасақ қызметкерлері мен кәсіпқой спортшылар. Кеше шаһарда жүгіруден марафон өтті. Сайысқа қатысуда балалар да белсенділік танытты.

Әбілевтер отбасы спорт десе, ішер асын жерге қоюға әзір. Әкелі-балалы жандар таңертеңнен бері саябақта жүр. Демалыс күндері осында жүгіруден марафон өтетінін естіген олар қатысуды жөн көріпті. Жеткіншектер 4 шақырымды еңсерген. Сұлтан мен Санжардың айтуынша күнделікті өмірде де олар тұрақты түрде спортпен айналысады.

Санжар Әбілев – жарысқа қатысушы:

– Бүгінгі марафон күшті болды. Отбасымызбен жүгірдік. Жалпы спортты жақсы көремін.

Сұлтан Әбілев – жарысқа қатысушы:

– Маған жарыс ұнады. Келесі жылы тағы да қатысамын.

“Спорт – денсаулық кепілі” демекші, салауатты өмір салтын ұстанушы теріскейліктер дәл қазір 10 шақырымды бағындыруда.

Ал өз кезегін күтіп тұрған Дәурен Құрманов біржола дайындығын пысықтауда. Ол 21 км-ге жүгірмекші. Осындай марафондарға жиі қатысатын көрінеді. Себебі, қызметінің өзі төзімділікті қажет етеді.

Дәурен Құрманов – жарысқа қатысушы:

– Марафон жайлы әріптестерімнен естідім. Қатысуды жөн көрдім. Жалпы, әуелден салауатты өмір салтын ұстанамын. Осындай жарыстарды жиі өткізіп тұрса жақсы болар еді.

Марафонға қатысам деушілердің жасына байланысты шектеу жоқ. Ең кішісі 5-те болса, ең үлкені 84 жаста. Жарысты ұйымдастырудағы мақсат – жұртшылықты салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.

Ольга Торопова – “Феникс” клубының төрайымы:

– Осындай марафонды 4 жыл қатарынан ұйымдастырып келеміз. Жыл сайын қатысушылардың саны артып жатыр. Бұған үлкені мен кішісі де қатысады. Мәселен, балалар 4 шақырымды еңсерсе, ересектер 10 және 21 шақырымда бақтарын сынай алады.

Жалпы, марафонға 200-ден астам теріскейлік қатысуға ниет білдіріпті. Олардың барлығы да мақтау қағаздарымен және естелік сыйлықтармен марапатталды.

 

 

 

Ешкенова Дана