Спорт

Өңірде ат жарыс маусымы жабылды

Өңірде ат жарыс маусымының жабылуы тұңғыш рет сайыс ретінде өткізілді. Шараға Ақмола облысы мен Ресейден әкелінген жалпы 60-қа жуық сәйгүлік қатыстырылды.

Қазақ халқы үшін төрт түліктің осалы жоқ. Оның ішінде жылқының орны бөлек. Содан болар жарысқа жанкүйер болып келген теріскейліктердің қатары қалың.

– Қуаныштымыз. Барлығына сәттілік тілеймін. Жарыс жақсы өтеді деп ойлаймын.

– Ат жарысын балаларым қатты ұнатады. Барлықтарына сәттілік тілеймін. Жарыс жақсы өтеді деп ойлаймын.

– Мен Жамбыл ауданының құрамасын қолдап келдім. Жарыс тартысқа толы болайын деп тұр. Жігіттердің жеңіске жетуіне тілектеспін.

Көп күттірмей ат жарыс маусымының жабылуына арналған жиын басталып кетті. Шараның шымылдығын «Ұшқыр бәйге» сайысы ашты. Алаңда орыстың желін жылқылары кедергілерден өтті. Соңында Қызылжар ауданының спортшы қызы Мария Патошкина тақымдаған Авиатор атты сәйгүлік еш қателік жібермей, бірінші орынды иеленді.

Мария Патошкина – шабандоз, Қызылжар ауданы:

– Жылқы мінезді келеді. Өзің отырған сәйгүліктің тілін түсіне білуің керек. Оған барынша қамқор болып, оның не қалайтынын сезінуге тиіссің.

Бұл – желіс аттарының жарысы. Оған 3 пен 6 жас аралығындағы 6 жүйрік қатысты. Сәйгүліктер 1600 м қашықтықты бағындырды. Сайыс соңына жақындаған кезде көкшетаулық шабандоз Әсет Бекжанов басқарған ағылшындық таза қанды мініс жылқысы мәреге бірініші болып жетті.

Ал, қазір – үш жастағы желіс аттарының жарысы. Арнайы бапталып әкелінген сәйгүліктер 1600 метр қашықтықты бағындырып жатыр. Александр Қаратаев мінген Поликик басқа сәйгүліктерді басып озып, бірінші орынға ие болды.

Александр Каратаев – шабандоз, Қызылжар ауданы:

– Жарыс өте тартысты өтті. Өзім 45 жылдан бері сәйгүліктерді баптаумен айналысамын. Мен олардың тілін оңай табамын. Жеңіске жетуіміздің басты себебі де сол.

Биыл өңірімізде ат жарыс маусымының жабылуы алғаш рет сайыс ретінде өткізіліп жатыр. Оған Ақмола облысы мен Ресейден келген сәйгүліктер қатыстырылды.

Ольга Патошкина – ұйымдастырушы:

– Ат жарысы – өте қызықты сайыс. Бұл – қазақ халқының бұрынан келе жатқан ұлттық спорт түрі. Теріскейліктер үшін бұл жарыстың алар орны бөлек. Сондықтан, мұндай спорттық шараны жылда өткізіп тұрамыз.

Айта кетейік, ат жарыс маусымының жабылуына 60-қа жуық жылқы мен оның иелері қатысты.

Маржан Касымбек