Балалар

ЖИТС-тің алдын алу жайлы лекция өткізілді

Жазылмас дерттің қалай алдын алуға болады? Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінде иммундық тапшылық вирусынан қорғану турасында әңгіме қозғалды. Тағы емі жоқ аурудың салдары сөз болды.

Өңірде жұқтырылған иммун тапшылығының синдромымен ауыратын жандардың саны дабыл қағатындай көп емес. Жұқтыру фактілері жыл санап азайып та келеді. Алайда, сақтық шараларын әрдайым қаперде ұстау қажет. Емі жоқ дерттің салдарынан кей мәліметтерге сәйкес, жыл сайын әлемде 700-800 мыңдай адам көз жұмады екен. “Феникс” ұйымының Қарлығаш Акинованың сөзінше, қатер тобына кез келген адам тап болуы мүмкін.

Қарлығаш Акинова – “Феникс” ЗТБ төрайымы:

– Кез келген табысты бойжеткен не бозбала иммундық тапшылық вирусының тасымалдаушысы болуы мүмкін. Бірақ, дертке шалдыққандар бұл жайлы ашық айтпайды. Өйткені, қоғам тарапынан дискриминация өршіп тұр. Вирустың қол ұстасу, құшақтасу, ортақ ыдыс-аяқ арқылы берілмейтінін есте сақтау керек.

Мұндай дәрістерді облыстық ЖИТС орталығы мен салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығы жиі өткізеді. Мамандар дертті жұқтырудың жолдарын жастарға бір қайтара түсіндірді. Вирус ағзаға қан арқылы таралады, ал нәрестеге ана сүті арқылы беріледі. Бірақ, ақхалаттылар дертті жыныстық жол арқылы жұқтыру жағдайлары көбейіп жатыр дейді.

Қарлығаш Акинова – “Феникс” ЗТБ төрайымы:

– Соңғы жылдары Қазақстанда жыныстық жол арқылы жұқтыру белең алып келеді. Осы орайда жастарға асығыстық танытпау керектігін ескертеміз. Ал жыныстық қатынасқа түскен жағдайда ауруды жұқтырып алмас үшін сақтану керек. Ал осыдан бірнеше жыл бұрын иньекциялық жол кең таралған еді. Яғни, бір инені пайдаланған нашақорлар жиі вирустың құрбаны болатын.

Қарапайым дәрістер, әрине тиімді. Бірақ, ақпарат жастардың көкейінде сақталу үшін мамандар ерекше әдістің көмегіне жүгінген.

Тыңдаушыларға осындай шағын спектакль қойылды. Оған студенттерің өздері қатысты. Осылайша, жастар бейтаныс қатарластардың соңынан ермеу керектігін, жеңілтек өмірден аулақ болу керектігін түсінді. Мұндай формат оларға ұнаған секілді.

Дина Құшербаева, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті:

-Мұндай жанды лекция көңілімнен шықты. Бәрі қарапайым мысалдар арқылы, түсінікті формада жеткізілді. Бұл әсіресе, біздер – жастар үшін өзекті тақырып. Көкейге тоқығаным – өз болашағыңа балта шаппас үшін оң-солыңды танып жүру керек.

Лекциядан соң студенттер ойын ойнады. Шаһардағы 3 колледждің білім алушылары тақырыптық викторинада бақ сынасты. Олар қауіпті вирус жайлы білімдерін бекітіп қана қоймай, отбасы құқығы, психология және әдебиет сынды салалар бойынша сұрақтарға жауап берді.

 

Саят Ермек