Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шаһарда 9 көпқабатты үй қолданысқа берілуі тиіс

Биыл Петропавлда 9 көпқабатты үй қолданысқа берілуі тиіс. Алайда, жауапты мердігерлердің салдарынан кей отбасылар қоныс тойын келесі жылы тойламақ. Баспана құрылысына жауапты серіктестіктер шаруаны уақытында аяқтауға үлгермей жатыр.

Жуков көшесі бойындағы бұл үйдің құрылысына “Akcent KZ” серіктестігі 2017-нің шілдесінде кірісіпті. Ағымдағы жылдың соңында 78 пәтерлі баспана халық игілігіне тапсырылуы тиіс. Алайда, партиялық комиссия мүшелері нысан жоспарға сай қолданысқа берілмейді дейді. Аяқталмаған шаруа көп, ал оны уақытында тындыратын мамандар жоқтың қасы. Аймақты аббаттандыру да кеш басталған. Істі талапқа сай орындау үшін оны суық түскенше бітіру керек.

Жасұлан Ахметов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ партиялық бақылау комиссиясының төрағасы:

– Аббаттандыруға жауапты мердігердің суық түскенше 2 мың текше метр топырақты әкеліп үлгермейтінін мойындады. Кейін жерді тегістеу қажет. Содан кейін ғана барып асфальт төсеуге болады.

Көршілес тұрған көпқабатты үйдің бой көтеруіне “Альфа-Север” серіктестігі жауапты. Нысанның құрылысына 700 млн теңге бағытталған. Шаруа уақытылы аяқталды. Алдағы уақытта 79 пәтердің иелері қоныс тойын тойламақ. Баспана кілті Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің салымшыларына табысталады. Қазір мердігерлер ғимараттың құжаттарын реттеп жатыр. Ал бұл учаскеде кезекте тұрған жандарға арналып жалдамалы үй тұрғызылуда. Жұмысқа кеш кірісуге баспананы сүру себеп болыпты. Шаруа екі айға созылғандықтан, құрылыс тек маусымда бастау алған.

Роман Тыртычный, “Основание” ЖШС құрылыс учаскесінің бастығы:

– Баспана иелері үйлерін тастамағандықтан, ғимараттарды сүре алмадық. Енді уақыт шектеулі. Атқарылып жатқан шаруа қызу. Қазір бірінші секциядағы блоктардың жөндеуі жүргізілуде. Келесі аптада бірінші қабаттың кірпіші қаланады.

Дәл осындай баспананы “Лира” серіктестігі де тұрғызып жатыр. Мұнда 36 бір бөлмелі және 57 екі бөлмелі пәтер орналаспақ. Әзірге, жұмыс мерзімге сай жүріп жатыр. Жалпы, биыл Петропавлда 970 пәтерге шақталған 9 үй қолданысқа беріледі.

Эльмира Садвокасова