Қоғам

Петропавлда сұлулар сайысы өтті

Шаһарда сұлулар сайысы өтті. Бұл жолы байқауға жас қыздар емес, отбасы бар әрі бала тәрбиесімен айналысатын нәзікжандылар қатысты. Олардың жас аралығы әр түрлі.

Нұргүл Болатова – 3 баланың анасы. Ару Кәсіпкерлер палатасында бизнес-тренер болып жұмыс жасайды. Тағы, Оқушылар сарайында жасөспірімдерге арнап жеке істі ашудың қыр-сырын үйретеді. Осылайша, нәзікжанды бала тәрбиесі, үйдегі шаруа мен өзінің қызметін қатар алып жүр. Енді бұл тізімге «Петропавл аруы» атағын да қоспақ ниетте. Сайыс туралы әлеуметтік желіден көрген ол ойланбастан қатысып көруді шешкен екен.

Нұргүл Болатова, «Петропавл аруы» байқауының қатысушысы:

– Сайысқа қатысып жатқаныма өкінбеймін. Себебі, осында мен түрлі шеберлік сағаттарға қатысып, пайдалы кеңестер алдым. Олардың барлығын байқау барысында тиімді қолданамын деген ойдамын. Осылайша, жеңіске жетуге ниеттімін.

Байқау шаһарда алғаш рет өткізіліп жатыр. Сайыс өзге сұлулық жарыстарына қарағанда әлдеқайда ерекше. Себебі, қатысушыларға қойылатын басты талап – аяулы жар мен мейірімді ана болу. Қазір нәзікжандылар арасындағы тартыс – қызу. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетіп жүрген ошақ иелері “Петропавл аруы” атағын иелену үшін барларын салуда.

Жоба 9-шы қыркүйектен бастау алған. Бір ай бойы арулар шеберлік сағаттарына қатысып, сырт келбет, дене күтіміне қатысты кеңестер алған. Сондай-ақ, фитнес орталықтарына барған екен. Ал бүгін – тартыстың шешуші кезеңі, мұнда нәзікжандылар 3 сыннан өтулері тиіс.

Анастасия Медведева, «Петропавл аруы» байқауының ұйымдастырушы:

– Бірінші кезеңде сән көрсетілімі болады, кейін аруларға түрлі тақырыпта сұрақтар қоямыз. Ал үшінші кезеңде нәзікжандылар кешкі көйлектерін көрсетеді. Кейін барлық талаптардың орындалуына сәйкес қазылар алқасы «Петропавл аруы» атағына лайық дегенді таңдайды.

Қатысушылардың бойында қобалжу мүлдем жоқ. Себебі, көрермендердің қатарында келіншектердің өмірлік стимулына айналған жандар отыр. Бауыр еті балалары, жұбайлары мен ата-аналары шешуші сәтте қолдау білдіруге келіпті. Ақтық кезеңде кім жеңбесін, арулардың әрқайсысы туғандары үшін ең әдемі, ең сұлу.

– Мен немереммен бірге қызыма жанкүйер болып келдім. Сайысқа алғаш қатысып отырмыз. Баламның жеңіске жеткенін қалаймын.

– Сайысқа келіп отырғаныма қуаныштымын. Қатысушылардың қалай қобалжып тұрғаны көрініп тұр. Мен өзім екі бірдей аруды қолдай келдім. Солардың бірі жеңіске жетеді деген ойдамын.

Бір айға созылған тартыс аяқталды. Бас жүлде “Петропавл ару” атағын баскетбол бойынша спорт шеберіне үміткер, ошақ иесі Рината Эрик иемденді.

Актолкын Солтанханкызы