Денсаулық сақтау

“Медициналық еріктілер” жобасы іске асырылып жатыр

Өңірде “Медициналық еріктілер” жобасы іске асырылып жатыр. Оған М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-нің іріктеуден өткен 10 студенті қатысып, 2 апта бойы тәжірибе жинақтайды.

Статистикаға сүйенсек, әлемде күніне шамамен 150 мың адам көз жұмады. Оның әрбір үшіншісіне медициналық көмек сапасыз көрсетілген немесе мүлдем жәрдем берілмеген. Десе де, проблеманың шешімі бар. Көптеген елдер науқастарды емдеп-жазуда «Медициналық еріктілер» жобасын қолға алған. Бұл бастама біздің өңірімізде іске асырылып жатыр.

Рүстем Арманов, “Медициналық еріктілер” жобасының үйлестірушісі:

– Мамандар 2 апта алған білімдерін іс жүзінде ддәлелдейтін болады. Яғни, ауруханаларға барып науқастарды емдейтін болады.

Жастармен 2 апта бойы ЕДШ (емдік дене шынықтыру) және кинезотерапия әдістері туралы әңгіме жүргізіледі. Науқастарға көрсетілетін көмектің бағыттары жайлы айтылады екен. М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Жоғарғы медицина мектебінің студенті Алтынбек Қаратай да еріктілер тобына қосылғысы келеді.

Алтынбек Қаратай – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Жоғарғы медицина мектебінің студенті:

– Мен терапевт маманына оқимын. Мақсатым – адамдарға қолымнан келгенінше көмек көрсету, ауруына шипа беру.

Мамандардың сөзінше, медициналық еріктілер қозғалысы Ресейде кеңінен дамыған. Болашақ дәрігерлер демалыс күндерін аурухана мен емханаларда өткізеді екен. Осылайша, өздерінің тәжірибелерін арттырады.

Алёна Ускова – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ Жоғарғы медицина мектебінің студенті:

–  Мен бос уақытта пайдалы жұмыспен айналысқанды ұнатамын. Мамандығым бойынша мол тәжірибе жинақтағым келеді. Сондықтан, еріктілер тобына қосылып, білімімді арттыруды шештім.

Айта кетейік, медициналық еріктілерді іріктеу қазанның 18-іне дейін жалғасады. Барлық өтінімдердің ішінен тек 10 адам ғана таңдалып алынады.

Маржан Касымбек