Мәдениет

Әбдіжәміл Нұрпейісов 95 жасқа толады

Қазақстанның халық жазушысы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Әбдіжәміл Нұрпейісов қазанның 22-сінде 95 жасқа толды. Осыған орай кеше облыстық кітапханада жастардың қатысуымен әдеби жиын өткізілді.

Қызылорда өңірінің тумасы, көрнекті қаламгер, қазақ прозасының хас шебері Әбдіжәміл Нұрпейісовтің қазақ әдебиетіне қосқан үлесі зор. Оның «Қан мен тер» трилогиясы, «Сең», «Соңғы парыз» және «Курляндия» деп аталатын романдары көптеген тілге аударылған. Мәселен, соңғысы 45-ші жылдардағы сұрапыл соғыс туралы жазылған. Бұл туындысында автор өзінің басынан өткерген оқиғаларын баяндапты. Жиын барысында қатысушылар жазушының еңбектеріне шолу жасап, ерекшеліктеріне тоқталды.

Жанбай Қадыров – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры:

– «Қан мен тер» кітабында 20-шы ғасырдың алғашқы 20-шы жылы революциялық дәуірдің дүмпуі сілкінісінде бұлқына бастаған Арал өңірі, революция рухымен ояна бастаған, таптық күреске аттана бастаған қазақ халқы баяндалады.

Саңлақ жазушы сондай-ақ, Чехов, Горький, Назым Хикмет және испан жазушысы Касона сияқты әйгілі қаламгерлердің шығармаларын қазақ тіліне аударған.

Ақмарал Сәркенқызы – ҚР ҰҰ Әскери институты тілдік дайындық кафедрасының профессоры:

– Әбдіжәміл Нұрпейісов туындыларын роман жазудан бастаған. Роман басқаларына қарағанда күрделірек жанр.

Жалпы, жиынға тыңдаушы ретінде 80-ге жуық жас қатысты. Дені – университет пен колледж студенттері, Әскери институттың курсанттары.

 

 

Маржан Касымбек